Маңғыстау облыстық әкімдігінде жедел индустриялық даму жөніндегі аймақтық Үйлестіру Кеңесінің кезекті мәжілісі өтті

АҚТАУ. Желтоқсанның 26-сы. ҚазАқпарат /Анаргүл Төлегенова/- Маңғыстау облыстық әкімдігінде жедел индустриялық даму жөніндегі аймақтық Үйлестіру Кеңесінің кезекті мәжілісі өтті,
None
None

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

Оған облыс  әкімі Қырымбек Көшербаев қатысып, Үйлестіру Кеңесінің мәжілісіне ұсынылған республикалық және аймақтық маңыздағы жобаларды тыңдады. 

ҚР Индустрия және сауда министрлігіне ұсынылған Маңғыстау облысының жобалары жайлы келісімге келудің қорытындылары туралы облыс әкімінің орынбасары Амангелді Айтқұлов хабарлама жасады.

Қыркүйек айында сметалық құны 50 млн. доллардан астам 21 республикалық, сондай мөлшерде 8 аймақтық мәні бар әлеуметтік мақсаттағы 150 жоба қаралып, барлығы да мақұлданған болатын.

Бұлардың тиісті құжаттары ҚР Индустрия және сауда министрлігіне жолданған.

Облыс әкімінің орынбасары Амангелді Айтқұловтың мәлімдеуінше, экономикалық жағынан тиімді және әзірлік дәрежесі жоғары деп есептелінген елдік деңгейдегісінің 14-ін республикалық индустрияландыру картасына енгізуге миистрлік алдын ала келісімін берген. Ал аймақтық жобалардан келісілгені 4-еу.

Нысандар жөніндегі ақпараттардың жеткіліксіздігі, іске асыруға әзірлік жұмыстарының толықтай тиянақталмауы себебінен бірқатар жобалар бойынша келісімге қол жеткізілмеген. 

Мәжіліске өңірдегі «Теңіз Сервис»,  «Қазақстан  Каспиан Оффшор Индастриз» , «Концерн Сфинкс», «ГММОС Груп» секілді  бірқатар шетелдік және отандық компаниялар басшылары қатысты.

Олар Баутино кентіндегі бұрғылау ерітінділерін дайындау қондырғысының, «МакДермотт» металлконструкциялары зауыты үшін өндірістік алаңының, мұнай және газ өнеркәсібін қамтамасыз етуге арналған, жоғары қысыммен жұмыс істейтін түтікшелер, сонымен қатар сепараторлар мен тұрба құбырларын өңдейтін тетіктер дайындайтын өндірістік базаның, Ақтау газ-бетон зауытының, Баутино металлконструкциялары зауытының, Ақшұқыр кентіндегі теңіз металл констркуциялары өндірісі өнеркәсіптік кешені құрылысының жобалары жайлы қысқаша баяндады.

Мәжілісті қорытқан облыс әкімі Кеңестің қарауына ұсынылған жекелеген жобаларды қабылдап, басқарма басшыларына қажет құжттар құрамын толықтырып, сапалы жасақтап,  индустрияландыру картасының тиісті тобына енгізу шараларын жалғастыруды тапсырды.

Соңғы жаңалықтар