Маңғыстау облысында 1 Мамыр қарсаңында Ықылас Дүкенұлының 170 жылдығы аталып өтілді

АҚТАУ. 30 сәуір. ҚазАқпарат - Ақтауда Қазақстан халқының бірлігі күніне арналған шаралар ауқымында облыстық әмбебап кітапханада қобыздың даңқын арттырған дәулескер күйші, композитор Ықылас Дүкенұлының 170 жылдығына арналған кеш болып өтті.
None
None

«Қобыз - қазақ халқының ежелгі ұлттық аспабы. ІХ ғасырда Қорқыт баба қобызбен күй төгілткен. Бірнеше ғасырлардан кейін Қорқыт баба мұрасын Ықылас Дүкенұлы жалғастырып, 100-ден астам шығармалар туындатты», - деді Маңғыстау облыстық әмбебап кітапханасының қызмет көрсету бөлімінің меңгерушісі Әсия Досқалиева.

Музыка кешінде студенттер қобызда, қыл-қобызда және прима-қобызда орындалған шығармаларды тыңдады. Маңғыстау өнер колледжінің оқушылары Шолпан Энгельсова, Кәмшат Арыстанова және Гүлжазира Оразова Ықылас Дүкенұлының бірнеше шығармаларын орындады.

Ықылас Дүкенұлы (1843-1916) қазақтың атақты күйші қобызшысы, композитор, қылқобызда ойнаудың асқан дүлдүл шебері.

Ықылас қобызшылар әулеті отбасында туып-өсті. Атасы Алтынбек, әкесі Дүкен өнері бала Ықыластың музыка қабілетін ерте ашты. Туып өскен жері Қарағанды облысының Жаңаарқа ауданы , Мұңлы -Қулы тауларының етегі. Топырақ бұйырған жері Жамбыл облысының Сарысу ауданына қарасты Шу өзенінің бойындағы Қуарал деген жер. Шыққан тегі Кіші жүз Жетіру ішіндегі Тама руынан, оның ішінде Жөгі бұтағынан. Ықыластың өскен ортасында күйшілік өнер айрықша әспеттелетін дәстүрге айналып, дәулескер күйшілердің қалың шоғыры қалыптасқан. Тәттімбет , Сары Тоқа, Дайрабай, Қыздарбек, Итаяқ, Әбди сияқты күйшілердің Ықылас бірінің даңқын естіп, күйін құлағына құйып өссе, келесісінің көзін көріп, қадірлес сыйлас болған. Бұл ортада бағзыдан жеткен теріс бұрау күйлері ұшталып, өрісін ұзартқан. Ықылас болса сол ұлы дәстүрді қобыз тілінде жалғастырушы дәулескер күйші . Қорқыт атадан кейін тәңірлік аспапқа адамның тілін дарытып, жоғын жоқтатып, мұңын мұңдатқан біртуар композитор.

Ықыластың Дүйсебай, Түсіпбек, Ақынбай атты үш баласы да көшелі қобызшылар болған. Олардың балалары мен немере шөберелері қазір Жамбыл облысының Сарысу ауданында тұрады. Ықыластың қара қобызы беріге дейін Ақынбайдың баласы Дәулеттің қолында сақтаулы болған, 2008 жылы Жамбыл облыстық мәдениет басқармасы ол қобызды сатып алып, мемлекеттік мұражайға табыс еткен. Сол күннен бастап, Ықылас Дүкенұлының қара қобызы мемлекет меншігінде.

Ықыластың тырнақалды туындылары «Қасқар», «Ықылас» деп аталады. Оның «Кертолғау» , «Ерден», «Жалғызаяқ», «Жарым патша» , «Жезкиік» сияқты күйлерінде өзі өмір сүрген ортаның қоғамдық әлеуметтік көріністері бейнеленсе, «Қамбар - Назым» , «Айрауық» , «Қазан» сияқты күйлеріне ел арасына кеңінен тараған аңыз әңгімелер, қиял-ғажайып оқиғалар арқау болған. Осы күйлердің қай қайсысы да Ықыластың адамға деген, қоғамға деген, табиғатқа деген азаматтық тұлғасын, адамгершілік үнін айқын аңғартады.

Соңғы жаңалықтар