Маңғыстау облысында бірқатар әлеуметтік нысандар пайдалануға берілді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Маңғыстау облысында бір мезетте бірнеше әлеуметтік нысан пайдалануға берілді. Алдымен 2 қазан күні Түпқараған ауданына қарасты Сайын Шапағатов ауылында ұзындығы 19 702 метр болатын «Ақтау-Ақшүкір-Сайын Шапағатов» су құбыры іске қосылды. Құны 761 миллион теңге болатын осынау жобаның құрылысы 2014 жылдың маусым айында басталған еді.
None
None

Мұнан бөлек осы Шапағатов ауылында «Ақ бұлақ» бағдарламасы аясында таза ауыз суға арналған резервуар салынып, ауылішілік су құбыры да тартылып отыр. Бұл жұмыстарға барлығы 1 млрд 451 миллион теңге жұмсалған.

- Бүгін біз Сайын Шапағатов ауылының тұрғындары үшін аса маңызды оқиғалардың біріне куә болып отырмыз. Елді мекенге магистральді ауыз су құбыры тартылып, су қорын сақтауға арналған резервуар пайдалануға беріліп отыр. Сонымен қатар ұзындығы 74 296 метр болатын ауылішілік су құбыры жүргізілді. Магистральды құбыр Сайын Шапағатов ауылын өмірге қажетті инфрақұрылымға жалғады, яғни ауыл тұрғындары көптен күткен таза ауыз суға қол жеткізіп отыр, - деді салтанатты шараға қатысқан облыс әкімі Алик Айдарбаев.

Дәл осы күні Форт-Шевченко қаласындағы Қызылөзен селосында екі бірдей жаңа балабақша есігін айқара ашты. Олардың бірі 50 орынға, екіншісі 140 орынға шақталып салынған.

«Толағай» балабақшасын салу үшін жергілікті бюджеттен 13 млн 769 мың теңге бөлінген болатын. Құрылыс 2014 жылдың тамыз айында басталған. Нысанның лентасын ардагер мұғалім, ауыл ақсақалдар кеңесінің төрағасы Нұрлыбай Төлемағанбетов пен Маңғыстау облысының әкімі Алик Айдарбаев қиды.

Ал 140 орынға арналған «Алпамыс» балабақшасы да мемлекеттің «Балапан» бағдарламасы аясында тұрғызылған. Оны жүзеге асыру үшін жергілікті бюджеттен 259 миллион 553 мың теңге жұмсалды.

Айта кету керек, Түпқараған ауданында мектепке дейінгі 13 мекемеде 1452 бала тәрбиеленіп жатыр. Олардың 10-ы мемлекеттік балабақша болса, қалған үшеуі жекеменшіктің үлесінде. Ауданда 3 пен 6 жас аралығындағы балаларды балабақшамен қамту көрсеткіші 86,19 пайызды құрап отыр.

Облыс әкімі Алик Айдарбаев тағы бір нысанның ашылу салтанатына қатысты. Баутино ауылында бұл күні «Каспиан Оффшор Констракшн» компаниясының ғимараты пайдалануға берілді. Мұнда әкімшілік кеңселермен бірге 32 адамға арналған жатақхана да бар. Сондай-ақ асхана мен спорттық жаттығу бөлмесі де қарастырылған.

Соңғы жаңалықтар