18:30, 03 Маусым 2009 | GMT +5
Маңғыстау облысында елді мекендер 100 пайыз телефондандырылып, желілері сандық жүйеге көшірілді
АҚТАУ. Маусымның 3-і. ҚазАқпарат /Анаргүл Төлегенова/ - Маңғыстау облысының елді мекендері 100 пайыз телефондандырылып, желілері сандық жүйеге көшірілді. Ауыл тұрғындары Интернет желісіне кең жолақты қатынау қызметінің мүмкіндігіне ие болды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі «Қазақтелеком» АҚ жұртшылықпен байланыс қызметіне сілтеме жасап.Кеше Қарақия ауданының Ералы стансасында «Қазақтелеком» АҚ ұйымдастырған 256 нөмірден тұратын сандық автоматтандырылған (SI-2000 үлгісіндегі АТС-71) телефон стансасының ашылуы өтті. Бұл АТС ? дәстүрлі телефон арқылы Интернет желісіне кең жолақты қатынау қызметін көрсете алатын осы елді мекендегі алғашқы қызмет. Ералы стансасының тұрғындары өз үйлеріне телефон байланысын қосумен қатар, біртіндеп кең жолақты Интернет желісі ? Megaline қызметіне де қосылуда.
«Өткен жылдың басында, 2008 жылға арналған іс-шаралар жоспарын қабылдай отырып, біз 2010 жылға дейін барлық елді мекендерді газбен, ауызсумен, электр қуатымен қамтамасыз етуді, телехабарлар желісін таратуды және телефондандыруды жоспарлаған болатынбыз. Биылдың өзінде барлық ауылдық елді мекендер электр қуатымен, телехабарлар желісімен қамтамасыз етіліп, 100 пайызға телефондандырылды. Алдағы міндет ? жаңадан салынып жатқан тұрғын үй алқабын жарақтандыру. Шалғай шетте орналасқан, кішігірім елді мекендердің өзін байланыспен қамтамасыз ету, сондай-ақ, ауыл тұрғындарына Интернет қызметін ұсыну, біз үшін әлеуметтік және экономикалық тұрғыда өте маңызды, - деді АТС-тың ашылу салтанатында Қарақия ауданың әкімі Берік Батаев.Ералы стансасының бірінші абоненті Megaline қызметіне де бірінші болып қосылды. Ашылу салтанаты кезінде абонентке ADSL модем тарту етілді. Сондай-ақ, облыста Жетібай стансасының да тұрғындары дәстүрлі телефон байланысының түрлі қызметтерімен қатар жоғары жылдамдықтағы Интернет қызметін қолдануға мүмкіндік беретін сандық АТС арқылы телефондандырылған. Жалпы алғанда, «Маңғыстау облысының АТС-ты жаңғырту» жобасы бойынша барлық ауылдық АТС-тер соған ұқсас жаңа сандық АТС-ке ауыстырылды және желіні 100 пайыз сандық жүйеге көшіруге қол жеткізді. 2008 жылы 100 адамға шаққандағы тіркелген желінің тығыздығы облыс бойынша 15,2%-ды құрады.«Жалпы, облыс бойынша Маңғыстау ОТД тарапынан 8,5 мыңнан астам абонентке Интернет желісіне кең жолақты қатынау қызметі көрсетілді, бұл 2007 жылмен салыстырғанда 3 есеге артық. Нәтижесінде, тіркелген 100 желінің Интернетке кіруі облыс бойынша 14,5%-ды құрады»,-дейді облыстық ОТД Бас директорының орынбасары - коммерциялық директор К. Қыдырова.