Маңғыстау облысының әкімі өңірдегі мәдени спорттық кешендермен танысты

Алдымен Маңғыстау облыстық тарихи-өлкетану мұражайына барған облыс басшысы экспозициялық залды аралады. Мұражай директоры Тамара Жұмалиева мекеменің қазіргі мәселесі - мұражайға жапсарлас орналасқан «Мәдени мұра» орталығының құрылысын тиісті түрге келтіруге 50 млн. теңге қаражат қажет екендігін айтты. Бұл сұрақ бойынша жұмыстануға облыстық құрылыс басқармасына тиісті тапсырма берілді.
Мұнан кейін аймақ басшысы облыстық Н.Жантөрин атындағы музыкалық- драма театрының шығармашылық ұжымымен кездесті. Театр директоры Нұрнияз Мұханов теңіз жағалауына салынатын 250 және 750 орынды 2 қойылым залды құрайтын, мейрамхана және қонақ үйі, 125 орынды 2 кинозалы бар жаңа театрдың жобасымен таныстырды.
Бұрынғы балабақша ғимаратын пайдаланып отырған облыстық әмбебап кітапхана жұмысымен танысқан облыс басшысына облыстағы кітап қорлары мен ғимарат мәселесі баяндалды. Облыста кітапхана саласы 3 жүйемен жұмыс жасап отыр. Олар әмбебап, жасөспірімдер және балалар кітапханасы болып бөлінеді. Кітапханаға жылына 17 мың оқырман келеді, ал оқырмандар залы кішкентай болғандықтан келушілердің барлығын қабылдай алмайды. Аумақ тапшылығынан техникалық әдебиет бөлімі басқа ғимаратта орналасқан, сондай-ақ ол күрделі жөндеуді талап етеді.
Қазіргі уақытта 17 шағынауданда орналасатын болашақ кітапхана құрылысы техникалық-экономикалық тұрғыдан дәлеледенуде. Маңғыстау облысы аумағының даму жоспары бойынша жобаны өткізу 2013 жылдың басында қаралмақ. Бұл өз уақытында 4 қабатты, 80 орынды 2 оқырман залы бар, интернет пен дәріс залдарын қамтитын үлкен кітапхана болмақ.
Келесі кезекте өңір басшысы Абай атындағы облыстық мәдени демалыс кешеніне келіп, орталық директоры Юрий Дирмен бірқатар мәселелерді талқылады. Атап айтқанда, кешен ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстарын жасауға 761,8 млн теңге қарастырылғаны, қазақтың ұлттық саз-аспаптар оркестрінің құрылуы, қосымша жабдықтар алу жайлары сөз болды.
Мұнан кейін «Жас Қанат» спорттық кешенінде болған облыс әкімі облыстың дене тәрбиесі мен спорт саласындағы ахуалдары мен оны шешу жолдарын тыңдады. Тиiстi халықаралық стандарттарға сай жаңа спорттық кешен құрылысы қажеттiлiгi туралы айтылды.
«Мен облыс орталығындағы бірқатар мәдени нысандарды аралап шықтым. Соның ішінде кітапхана, театр, спорт саласындағы мәселелер шешілетін болады. Әрине мен барлығы күні ертең шешімін табады дей алмаймын, бірақ біз кешенді түрде жұмыс жасайтын боламыз»,- деді облыс әкімі Б.Мұхамеджанов.