Маңғыстау облысының делегациясы сауда-экономикалық және ғылыми ынтымақтастықты дамыту мақсатында Ресейдің Түмен облысына барып қайтты

АСТАНА. Қазанның 1-і. ҚазАқпарат - Маңғыстау облыстық әкімдігінің делегациясы Ресейдің Түмен облысына ресми сапар жасап қайтты. Бұл туралы Маңғыстау облыстық әкімдігінің баспасөз қызметінен хабарлады.
None
None

Қазанның 29-30-ы күндері болған сапардың мақсаты - Маңғыстау мен Түмен облыстарының өнеркәсіптік кәсіпорындарының арасында тікелей байланыстар орнату, сауда-экономикалық және ғылыми ынтымақтастықтың негізгі бағыттары бойынша кооперацияларды дамыту болды.

Сапардың бірінші күні делегация мүшелері Түмен облысындағы қазақ диаспорасының өкілдерімен кездесті. Содан кейін маңғыстаулық делегацияның бизнес-топтарының өкілдері «Тюменьсудокомплект» ЖАҚ, «Газтурбосервис», ААҚ, «Бентек Дриллинг энд Ойлфилд» компаниясы сияқты кәсіпорындарды аралады, «Шлюмберже» технологиялық компаниясына ат басын тіреп, ондағы жаңа технологиялармен танысты.

Делегация сондай-ақ Түмен мемлекеттік мұнай-газ университетінде болып, осы оқу орны мен Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технология және инжиниринг университетінің ынтымақтастық перспективаларын талқылады. Бұл күні Маңғыстау және Түмен облыстарының іскер топтарының өкілдері «дөңгелек үстел» басында бас қосып, сауда-экономикалық ынтымақтастық мәселелерін сөз етті.

Ал жұма, қазанның 30-ында Маңғыстау облысының әкімі Қырымбек Көшербаев пен Түмен облысының губернаторы Владимир Якушев кездесіп, екі облыстың арасындағы ынтымақтастықты дамытудың келешегін талқылады және ниет хаттамаларына қол қойды. «Біздің аймақтарымыздың экономикаларының өзара тиімді ықпалдастығы Түмен облысының жоғары ғылыми-өнеркәсіптік әлеуетіне және өнеркәсіптік өндірістің жоғары қарқынына сеп бола алады. Алдағы уақытта біз Түмен үкіметі мен Маңғыстау облысының әкімдігі арасында сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастық туралы келісім жасауды жоспарлап отырмыз», деді Қырымбек Көшербаев өз сөзінде.

Соңғы жаңалықтар