Маңғыстауда мұнай өңдейтін заңсыз шағын зауыт анықталды
«ҰҚКБ қызметкерлерінің жедел-іздестіру шараларын жүргізу уақытында «ЭКОТЕРРА» ЖШМ өндірістік базасы аумағында мұнай өңдейтін шағын зауыттың заңсыз жұмыс істеп тұрғанын анықтады. Зауыт Nosthsouth Petroleum Kazakhstan» ЖШС-ға тиесілі. Оның директоры Ақтауда тұратын ОҚО-ның 27 жастағы тумасы», - деді ІІД баспасөз қызметінің өкілі Азамат Сәрсенбев.
Өндірістік базаны тексеру барысында «КамАЗ» маркалы көлік пен 25 тонна дизель отыны толтырылған қорап-цистерна табылып, тәркіленді. Полиция қызметкерлері зауыттың жұмысшылары - Түркияның төрт азаматын ұстады. Олардың жеке басын куәландыратын құжаттары болмады және ҚР аумағында жұмыс істеу құқығына рұқсаттары да жоқ болып шықты. Төртеуі де Ақтау ІІБ қабылдаушы-бөлуші бөліміне қамалды. «Аталған факті бойынша материалдар бірыңғай сотқа дейінгі тергеу тізіліміне тіркелді, астыртын шағын зауыттың басшысына қатысты тергеу жүргізілуде. Ол Ақтауда УҰИ-ға қамауға алынды. ІІД тергеу басқармасы мұнай сатып алудың көздері мен мән-жайын анықтап, мемлекетке келтірген шығынды бағалауда», - деп атап өтті А. Сәрсенбаев.