Маңғыстаулық жас спортшы Оңтүстік Кореяда өткен грек-рим күресінен Азия чемпионатына қатысты

Әлемнің 11 мемлекетінен келген спортшылар арасындағы жарысқа маңғыстаулық Ә. Сартбаев 120 кг салмақ бойынша сынға түскен.
«Ол екінші айналымда шаршы алаңға Иордания мемлекетінен келген Марафу Һани салах Абдел Рахменмен шығып, жеңіс тұғырынан көрінді. Мұнан кейін Ирандық Шорбани Голданстен, ақтық сында Корея спортшысы Ким Ионд-Минмен бақ сынасып, жүлделі екінші орынды еншіледі. Ирандық Шорбани Голданстен өткен жылы Азияның жеңімпазы атанған болатын. Осыған қарап қарсыласымыздың қандай мықты болғанын сараптай беріңіз. Біз үшін бұл үлкен жетістік», - дейді Маңғыстау облысының грек-рим күресі бойынша аға жаттықтырушысы Мұрат Бейсенбаев.
Ә. Сартбаев Есенов университетінің спорт кафедрасында оқиды. 2000 жылдан бастап спортпен айналысып жүрген жас спортшының қол жеткізген жетістіктері аз емес. 2010, 2011 жылдары Қазақстан кубогының жеңімпазы атанған. Ол қазір жаттықтырушысымен сәуір айының 17-19 аралығында Орал қаласында өтетін Қазақстан Республикасының чемпионатына дайындалуда. Сондай-ақ, биыл Ресейдің Саранск қаласында өтетін Әлем кубогына қатысып, ел намысын қорғамақ.