08:42, 05 Маусым 2009 | GMT +5
Марат Тәжин Нидерланды корольдігіне сапары барысында осы елдің Премьер-Министрі Ян Балкенендемен кездесті
ГААГА. Маусымның 5-і. ҚазАқпарат /Ержан Оспанов/ - Бейсенбі күні
Қазақстанның Сыртқы істер министрі Марат Тәжиннің Нидерланды корольдігіне сапары өтті.
Нидерланд тарабының шақыруы бойынша өткен сапар барысында Марат Тәжин ел Премьер-Министрі Ян Балкенендемен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Нидерландының атқарушы билігінің басшымен болған келіссөз барысында екіжақты форматтағы және халықаралық ұйымдар аясындағы екі елдің ынтымақтастығын дамыту мәселелері талқыланды. Я.Балкененде мырза, жаһандық энергетикалық қауіпсіздік мәселесін шешудегі, халықаралық лаңкестікпен және есірткі трафигімен, жаппай қырып-жоятын қару-жарақты таратумен, климаттың өзгеруімен күресудегі Астананың маңызды рөлін ескере отырып, Нидерландының Қазақстанды Орталық Азиядағы стратегиялық серіктес ретінде қарастырып отырғанын атап көрсетті. Кездесу барысында сондай-ақ түрлі салалардағы екіжақты ынтымақтастықтың даму барысы, Қазақстанның ЕҚЫҰ-дағы төрағалығының басымдықтары және халықаралық саясаттың өзекті мәселелері талқыланды. Марат Тәжин Нидерланды Премьеріне өзіне ыңғайлы уақытта Қазақстанға сапармен келу туралы шақыру табыс етті. Кездесу соңында Нидерланды Премьері Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа ізгі тілектерін жеткізуді өтінді.