Мәшине жасау саласын дамыту экономиканың серпілуіне қолдау бола алады

АСТАНА. Қыркүйектің 6-сы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Тәуелсіздіктен кейін қордаланған экономикалық проблемалардың салдарынан тоқырауға ұшырап, құлдыраған саланың бірі - мәшине жасау. Еліміздегі мәшине құрылысының бүгінгі жайын көз алдыға елестету үшін осы кәсіпорын­дарындағы қондырғылардың 65 пайызы мүлдем жарамсыз боп ескіргенін алға тартсақ та жеткілікті.
None
None

Бұл ең алдымен саланың бәсекеге қабілетсіздігін білдіреді. Бұдан бөлек, қазіргі күні әртүрлі салада пайдаланып жүрген «темір тұлпар» бөлшектері үшін темір жонатын станоктардың басым бөлігі істен шыққан, түгелге жуығы заман талабына сай жаңартуды қажетсінетіндер болып отыр. Ал аграрлық секторды дамытуды бетке алған Қазақстан үшін ең алдымен ауыл шаруашылық техникаларын өз ішімізде жарақтандыруды ойластыру күн тәртібінің өзекті мәселесіне айналып отырғаны анық. Сондықтан да қарқынды индустрияландыру бағдарламасы мен ауыл шаруашылығын қолдау шаралары аясында негізгі күш мәшине жасау саласына түсетіні айқын аңғарылады. Жалпы, бірқатар деректерге қарағанда, бүгінгі күні мәшинә жасау өндірісінің ішкі нарықтағы үлесі тек 13 пайызды ғана құрайды екен. Қалған 87 пайыз сұранысты шетелдік тасымалдар, атап айтқанда Ресей мен Қытайдан келетін тауарлар жабатын көрінеді. Бұдан бөлек, машина қондырғыларының, бөлшектерінің импорты 44-47 пайызға жетеді. Кедендік мәліметтерге сәйкес, Қазақстанға жыл сайын 500 млн. долларға жуық мәшине жасау өнімдері әкелінеді екен. Мәшине жасау саласында 2008 жылы импорт көлемі 15,4 млрд. долларды, ал ішкі өндіріс шамамен 2 млрд. долларды құраған. 2009 жылы импорт көлемі қысқарғанымен, пайыздық үлесі сол қалпында қалыпты. Ал тұралап қалған кәсіпорындарды жаңғыртса, сондай бұйымдарды республикамызда да жасауға, сырттан тасып жатқанымызды іштен қамтуға әбден болатыны белгілі. Тек оңды қолдау жасалғаны керек.

Осы мақсаттарды ескере келе, Үкімет осыдан біраз күн бұрын 2010-2014 жылдарға арналған мәшине жасау саласын дамыту бағдарламасын мақұлдаған болатын. Бағдарлама ішкі нарық қажеттілігін мейлінше қанағаттандырумен қатар жоғары қосылған құн салығын қамтитын машина жасау өнімдерін өндіруді ынталандыруды мақсат тұтады.

Бағдарламадағы негізгі басымдықтың бірі - білікті, кәсіби мамандық даярлауға ойысқалы тұр. Есепке алсақ, Қазақстанда мәшине жасау саласында еңбек ететіндер саны осыдан 15 жыл бұрын 350 мың адамды құраған болса, қазір бұл саладағы қызмет ететіндердің саны 75 мыңның төңірегінде ғана. Бұдан бөлек, осыдан 6-7 жыл бұрын ғана еліміздің мәшине жасау саласында республика бойынша 1 мың 800-ге тарта кәсіпорын болса, бүгінгі күні олардың 1 мың 500-і өндірістік өнім бермей, аты бар да, заты жоқ күйге түскен. Өндірістік қуаттардың толық пайдаланылмауын кәсіпорындарға басшылық жасайтын білікті кадрлардың тапшылығымен де байланыстырып қарастыратындар баршылық. Салаға бөлінетін инвестиция соңғы жылдары 30 пайызға дейін төмендеп, қордаланған мәселе шешусіз қалған болып отыр. Тіпті даму институттары тарапынан да соңғы жылдары мәшине жасау саласындағы зауыттарға бірде-бір трансферттік қаржы бөлінбеген. Осының бәрі салалық бағдарлама аясында мамандармен қамтуды кеңінен қамтуды талап етеді.

Осы мақсатта Үкімет бекіткен бағдарлама аясында еліміздің мәшине жасау өндірісін дамыту отандық кадрлардың біліктілік қабі­летін шыңдаумен қатар жүргізілетін болады. Жобаға сәйкес, Өскемен қаласында машина жасау саласы үшін 700 орындық кадрларды дайындау өңірлік орталығын салу қарастырылады. Семей, Петропавл қалаларынан техникалық және кәсіптік білім беретін оқу орындары салынады деп жоспарланған. Сонымен қатар жалпы сомасы 159 миллион 555 мың теңгені құрайтын 19 инвестициялық жобаны жүзеге асыру көзделеді. Бұлар жеңіл автомобиль, вагон, электровоз, ауыр техникалар құрылысын қамтитын болады. Нәтижесінде 2014 жылға қарай жалпы қосылған құн 74 пайызды құраса, еңбек өнімділігі 2 есе, ал өндіріс көлемі 2 миллиардтан 4 миллиард доллар көлеміне дейін өспек.

Индустрия және жаңа технологиялар министрінің орынбасары Альберт Раудың айтуынша, бесжылдық бағдарламаның басты мақсаты ішкі нарықтың сұранысын мейлінше қанағаттандыру және қосымша құны жоғары болып келетін мәшине жасау саласы өнімдерінің өндірісін ынталандыру, бірте-бірте олардың экспортын қалыптастырып, дамыту болып табылады. Бұл ретте діттеген деңгейге қол жеткізудің төрт міндеті айқындалып отыр. Атап айтқанда, бағдарлама бойынша - технологиялық жаңғыртуды ынталандыру және жаңа өндірістер қалыптастыру, ішкі нарықтың мүмкіндіктерін тиімді пайдалану, мәшине жасау өнімдері экспортына қолдау жасау, саланы қажетті кадрлармен қамтамасыз ету көзделеді. Түйіндей айтсақ, Қазақстанда мәшине жасау ісінде ойға алған қолдаулар жүзеге асса, саланың ел экономикасының даму деңгейін арттыруда маңызды бағытқа айналатын түрі бар.

Соңғы жаңалықтар