08:31, 28 Қаңтар 2009 | GMT +5
Мәскеу мен Ақтау елордалар мен ірі қалалардың халықаралық ассамблеясы арқылы өзара байланыстарды нығайтуда
МӘСКЕУ. Қаңтардың 28-і. ҚазАқпарат /Арнұр Рахымбеков/ - Мәскеу үкіметінің делегациясы Қазақстанның Маңғыстау облысының әкімі Қырымбек Көшербаевтың шақыруы бойынша бұл күндері Ақтауда жүр,

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Мәскеу мэрі Юрий Лужковтың шешіміне сәйкес, делегация құрамына: мэр кеңесшісі, Елордалар мен ірі қалалардың халықаралық ассамблеясының атқарушы вице-президенті Михаил Соколов, Мәскеу қаласының Сыртқы экономикалық және халықаралық байланыстар департаментінің ТМД және Балтық елдері бойынша басқармасының кеңесшісі Валерий Сапожников және «ДКМ-Инженеринг» ЖАҚ-ының президенті, халықаралық ассамблея сарапшысы кірген делегация Ақтауға сапармен барып отыр. Сапардың мақсаты - Қауымдастық жобаларын таныстыру және өзара ынтымақтастықты ұйымдастыру үшін Маңғыстау облысының экономикалық әлеуетімен танысып қайту. Дүйсенбі күні мәскеу делегациясының өкілдерін Маңғыстау облысының әкімі Қырымбек Көшербаев қабылдады. Тараптар халықаралық ассамблея жобаларының келешегі мен Маңғыстаудың экономикалық әлеуетін талқылады. Өзара тиімді серіктестікті дамытудың нақты жолдары да сөз болды. Мәскеу мэрінің кеңесшісі М.Соколов сол күні Ақтау әкімдігінде болды, қала әкімі Сәлімгерей Бекбергеновпен болған кездесудің қорытындысы бойынша Елордалар мен ірі қалалардың халықаралық қауымдастығы мен Ақтау қаласының арасындағы өзара тиімді ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Сондай-ақ ресейліктер Мәскеу мэрі Ю.Лужковтың атынан Ақтау қаласының халықаралық ассамблеяға мүше болғандығы туралы куәлікті табыс етті.