10:37, 23 Қараша 2014 | GMT +5
Мәскеуде қазақ тілі мен поэзиясының кеші өтті
МӘСКЕУ. ҚазАқпарат - Мәскеуде білім алатын қазақстандық студенттер ҚР-дың РФ-дағы Елшілігінің қолдауымен «Он ғасыр жырлайды» атты қазақ тілі және поэзия кешін өткізді.

Кеште қазақстандық студенттер 10 ғасырдан бергі қазақ поэзиясының ұлы өкілдерінің өлмейтін туындыларын паш етті.
Кеш ұйымдастырушысы атап өткендей, қазақ поэзиясы - еліне, ана тіліне деген сүйіспеншілікке негізделген терең ой мен философияға толы.
«Жыл сайынғы қазақ тілін насихаттауға бағытталған дәстүрлі кешіміз қазақ жастарының Отанынан жырақ жүрсе де, түп-тамырын ұмытпай, тілін, ділін дәріптеуін көздейді», - деді РФ-дағы «ХБО» АҚ өкілі Фарида Мықтыбаева.
Шараға ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, Ресей ЖОО, қазақ диаспорасының өкілдері, қазақстандық студенттер және т.б шақырылды. Өз ұлтының музыкалық туындыларына шөлдеген қонақтар шара ұйымдастырушыларына шексіз ризашылықтарын білдірді.