Мәскеуде Ресей мен Қазақстан арасындағы достық пен ынтымақтастықтың 20 жылдығына арналған Гала-концерт өтеді

Осыған орай, 9 қазан күні Мәскеу қаласындағы Мемлекеттік Үлкен театрының жаңа сахнасында екі мемлекет басшыларының қатысуымен Ресей мен Қазақстан арасындағы Достық, ынтымақтастық және өзара көмек туралы Шарт жасалуының 20 жылдығына арналған бірлескен салтанатты концерт өтеді, деп хабарлады ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметінен.
Салтанатты концертке Ресей мен Қазақстанның өнер шеберлері қатысады. Ресей Ұлттық оркестрі (Ресей), К. Байсейітова атындағы Ұлттық опера және балет театрының балет труппасы (Қазақстан), Пятницкий атындағы мемлекеттік орыс халықтық хоры (Ресей), «Серпер» домбырашылар ансамблі (Қазақстан), Мәскеу мемлекеттік камералық хоры (Ресей) үлкен театр сахнасында өздерінің таңдаулы шығармаларын ұсынады.
Сондай-ақ, екі мемлекеттің танымал және дарынды әртістері көрерменге өз өнерін паш етеді. Олар - Қазақстан Республикасының халық әртісі Роза Рымбаева, Ресей халық әртісі Лев Лещенко, Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген қайраткерлер Сүндет Байғожин, Талғат Мұсабаев, халықаралық конкурстардың лауреаттары Карина Сербина (Ресей), Медет Шотабаев (Қазақстан), «Кватро» тобы (Ресей) және тағы басқа жарқын жұлдыздар.