14:04, 02 Маусым 2009 | GMT +5
Мәскеуде ТМД және ҰҚШҰ Қорғаныс министрлері Кеңесінің мәжілісі өтеді
АСТАНА. Маусымның 2-сі. ҚазАқпарат - Маусымның 3-інде Мәскеуде Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы мен Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарты ұйымы елдерінің Қорғаныс министрлері Кеңесінің кезекті отырысы өтеді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат қорғаныс ведомствосының баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Жиынға Қазақстан Қорғаныс министрі Даниал Ахметов бастаған әскери делегация қатысады. Кеңес отырысына Ресей Федерациясының Қорғаныс министрі Анатолий Сердюков төрағалық етеді.ТМД-ға қатысушы мемлекеттер Қорғаныс министрлері Кеңесінің отырысына қатысушылар Достастық елдерінің қорғаныс саласына қатысты әртүрлі бағыттағы жиырмадан аса сұрақты ортаға салып, әскери интеграцияның болашағы туралы мәселелерді талқылайды.Жиында ТМД Қорғаныс министрлері кеңесінің
2008 жылғы қызметінің қорытындысы шығарылып, 2009-2010 жылдарға арналған жұмыс жоспары талқыланады. Кеңес отырысына Әзірбайжан, Армения, Белорус, Қазақстан, Қырғызстан, Молдова, Ресей, Тәжікстан, Түркіменстан, Өзбекстан, Украина Қорғаныс министрліктерінің делегациялары қатысады.