Мәскеудегі Жеңіс шеруіне қатысу - біз үшін үлкен құрмет - соғыс және еңбек ардагері Б.Жұмағалиев
Оның айтуынша, қан майданнан елге аман оралу бір байлық болса, көппен бірге еңбек ете білу де - абырой.
Сексен сегіз жасқа иек артса да, облыс әкімінің кеңесшісі ретінде өңірдің қоғамдық-саяси өміріне қазір де белсене араласып келе жатқан Бисен Жұмағалиев Батыс Қазақстанның Тайпақ топырағында дүниеге келіп, қанқұйлы соғыс басталғаннан кейін көп ұзамай-ақ майданға аттанды. Бастапқыда Орынбордың Тұзтөбесінде (Соль-Илецк) соғыс өнерін үйренген Бисен Ленинград қаласын қорғаушылардың қатарынан бір-ақ шықты. Бұл кезде жүз жасаған Жамбыл Жабаевтың әйгілі «Ленинградтық өренім» өлеңінің қоршауда қалған отандастарға рух беріп тұрған уақыты еді. Жамбылдың өлеңі мен суреті әр көшеде ілулі тұратын. Бейне ол майданға барғандарды қарсы алып, батасын беріп тұрғандай көрінетін. Өйткені Ленин қаласын қорғаушылар арасында қазақтар да аз болған жоқ. Қазақ елі ленинградтықтарға азық-түлікпен көмектессе, майданда қазақ жігіттері жан аямай шайқасты. Осындай қиын-қыстау сәтте Бисен Жұмағалиевтің сөзге шеберлігі, қарымды қаламгерлік қыры да көріне бастады. Бұлар Пулково биіктігінде орналасқан болатын. 42-армия құрамында 13-атқыштар дивизиясының рота саяси жетекшісінің көмекшісі бола жүріп, жалынды үгітші ғана емес, қырағы мерген екенін де танытты. Кешегі қыр баласы орыс тілін еркін меңгерді. Екі тілде еркін жазып, ұлттық газет шығаруға да көп көмек берді.
- Біздің «На страже Родины» газетіміз 1942 жылғы қарашаның 7-сінде ашылды, - деп еске алады ардагер - Осы газетке тілшілік жұмысқа алынып, Түймебай Әшімбаев, Ақмұқан Сыздықбеков сынды жігіттермен бірге жұмыс жасады. Ол кезде майдан газеттерінде еңбек еткендер аз болған жоқ. Бірде жерлесім Жұбан Молдағалиевтен хат алып, содан байланысымыз өмір бойы үзілген жоқ. Қазақтың көрнекті ақындарының бірі Сағынғали Сейітов, белгілі жазушы Әзілхан Нұршайықовтар да майдан газеттерінде шыңдалды. Қазір сол кезде газетте жұмыс жасағандардан тек үш-ақ ардагер қалыппыз. Әзілхан, мен және Төлеутай Ақшолақов.
«Қызыл Жұлдыз», Отан соғысы ордендері, «Ленинградты қорғағаны үшін» медалін өңіріне тағып, елге аман-сау оралған Бисен Жұмағалиев бүгінде Ұлы Отан соғысының жеңіспен аяқталғанына алпыс бес жыл өтсе де, сол зұлмат жылдарды есінен ешқашан шығарған емес. Анталаған жау қоршауында қалған Ленинградты қорғауда қаншама боздақ қыршын кетті?! Қазақстандық майдангерлердің есімдерін мәңгі есте қалдыру мақсатында ол "Қазақтар Ленинград майданында" атты естелік кітап жазып шығарды.
Жеңімпаз сарбаз елге оралған соң 1947-1949 жылдары БҚО партия комитетінде насихат және үгіт бөлімінде нұсқаушы болды. 1949-1951 жылдары ол облыстық "Екпінді құрылыс" (қазіргі «Орал өңірі») газетінде алдымен редактордың орынбасары, ал 28 жасында осы газеттің редакторы болды. Ол кезде журналистиканы бітіріп келгендер саусақпен санарлық. Дегенмен, Бисен Жұмағалиев елден хабар жазып, газетпен араласып жүрген жігіттерді осы салаға бейімдей білді. Қолынан қаламын тастамай, қойын дәптеріне қажет деген деректерді тізе беруді әдетке айналдырған ол кейін бірнеше кітаптың авторы атанды.
1955 жылдың тамызында Бисен Жұмағалиев Фурманов аудандық партия комитетіне І хатшы болса, 1960 жылдан бастап 11 жыл бойы Батыс Қазақстан облыстық партия комитетінде хатшы болды. Осы жылдар ішінде Қазақ мемлекеттік ауыл шаруашылығы институтында өзінің ғылыми еңбегін қорғап, экономика ғылымдарының кандидаты атағын алды.
Ардагер көптеген ақын-жазушылармен, мемлекет, қоғам қайраткерлерімен жолдас болған. Социалистік Еңбек Ері Михаил Дудин (ленинградтық жауынгер ақын) Бисен Жұмағалиевтің өтініші бойынша ұлы Абайды тәржімалаған екен. Ал Михаил Шолоховпен достығы тіпті ерекше. Ұлы жазушы Нобель сыйлығын алғанда, одан "сүйінші" сұраған да осы Бисен Жұмағалиев еді. Бүгінде ол "Дондағы қазаққа" айналып, "Шолохов Қазақстанда" деген екі кітап жазып шығарды. Жыл сайын М.Шолоховтың туған жері Вешенская станицасында өтетін шаралардан қалған емес. Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Хамза Есенжанов, Тайыр Жароков, Николай Тихонов, Александр Прокофьевтермен достығы өз алдына бір хикая.
Бисен Жұмағаливе ғұмырының отыз жылын сұлу Көкше өңірінде өткізді. Осы облыс басшыларының бірі болып, ел тізгінін қолына ұстаған оған "Көкшетау қаласының құрметті азаматы" атағы берілді. Қазақ еліне сіңірген еңбегі үшін Октябрь революциясы, үш рет Еңбек Қызыл ту, екі дүркін «Құрмет Белгісі» ордендерімен марапатталған ардагер Көкшетау халқына да, Жайық жұртына да қадірлі.
«Бұл жолғы сапардың жөні бөлек. Мен өзім бірінші рет Мәскеуде өтетін Жеңіс шеруіне қатысқалы отырмын. Батыс Қазақстан, жалпы қазақ елінің атынан барудың өзі - үлкен құрмет. Алпыс бес жылда ел жаңарды, Қазақстан тәуелсіздік алды. Елбасымыз бастаған Қазақстан бүгінде ЕҚЫҰ-ға төрағалық етіп отыр. Бұдан артық қандай бақыт болуы мүмкін. Біз де қолымыздан келгенше ел мәртебесінің биіктеуіне өз үлесімізді қоса беретін боламыз», деді майдангер.