Мәскеудегі Жеңістің 65 жылдығына арналған әскери парадты бірқатар қазақстандық ардагерлер тамашалады
деп хабарлайы ҚазАқпарат.
Жеңіс күнін Мәскеуде қарсы алуға Ақмола облысынан келген соғыс ардагері Балташ Сейітовтың пікірінше, 9-шы мамыр тек қана Қазақстан халқы үшін емес, сонымен бірге соғыс уақытында бірлесіп, ұйымшыл болған мемлекеттердің, дүниежүзінің мерекесі, бейбітшілік мерекесі болып табылады. «Қазақстан халқы президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев бастаған осы бейбіт өмірді сақтайық», дейді қарт майдангер. Ал, Қарағанды облысынан келген ардагер Масхат Түсіпбеков былай дейді: «Парадқа 1945 жылы жиырма төртінші маусымда қатынастым. Бұйырса, үш айдан кейін тоқсан жасқа келемін. Бірақ менің бойымнан күш қайтып бара жатса да, сол жеңіс парадынан алған қуатымды осы күнге шейін сақтап келемін. Халқымызға бейбіт өмір сыйлаған Жеңісті жас ұрпақ әрқашан есінде ұстасын».
Павлодар облысынан келген ардагер Сәйіткен Сағитов: «Алпыс бес жылды соғыстан кейін көреміз деп ойлаған жоқпыз. Бұл адам баласы үшін, тірі қалған жауынгерлер үшін бақыт, қуанышты жағдай», дейді.
Тағы бір павлодарлық ардагер Тимофей Кобза ондай соғыстың енді ешқашан болмауын тіледі: «Соғыста біздің көргенді ешкімнің басына бермесін. Жер бетінде тыныштық болсын. Жастар соғысты көрмесін, аман болсын», дейді ардагер. «Жеңіс күні құтты болсын! Жеңіс күнінде бәрін көріп, аралап жүрегіміз сондай шапағатты болып отыр. Енді ондай соғыс болмасын», дейді Алматы облысының ардагері Шамай Қайназаров. «Мен ұлы Қазақстанымның арқасында бүгін осы жерге келіп отырмын. Алпыс бес жыл маған өте қымбат. Сондықтан, өскен ұрпақты, өскен халқымды, гүлденген Қазақстанымды көріп, қуанып отырмын», дейді Ұлы Жеңістің 65 жылдығын Мәскеуде тойлау үшін Қарағанды облысынан ат арытып келген ардагер Қамали Дүйсенбеков.