Мәслихаттардың шығып қалған депутаттарының орнына 188 кандидат тіркелді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Мәслихаттардың шығып қалған депутаттарының орнына 188 кандидат тіркелді. Бұл туралы бүгін ҚР Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Марат Сәрсембаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
None
None

Брифинг барысында Сәрсембаев депутаттыққа кандидаттарды тіркеу процесінің аяқталуы және олардың үгіт науқанын жүргізуі туралы айтып берді.

«Республиканың сайлау өтетін 58 сайлау округінде босаған депутаттық мандаттарға барлығы 201 үміткер ұсынылды. Округтік сайлау комиссияларының мәслихаттардың шығып қалған депутаттарының орнына кандидаттар ретінде тіркеу кезеңінің қорытындылары бойынша 188 адам тіркелді. Осылайша, қазіргі уақытта мәслихаттардың шығып қалған депутаттарының орнына сайлауда бос бір депутаттық мандатқа орташа бәсекелестік 3-тен аса үміткерді құрайды. Тіркелген кандидаттардың ішінде 144-і ер адамдар, 44-і  әйелдер. 62-сі Қазақстан Республикасы саяси партияларының мүшелері, 69-ы  партия қатарында жоқтар, 57-сі өзінің партияға тиесілігін көрсетпеген», - деді ол.

Оның айтуынша, мәслихаттар депутаттығына кандидаттардың орташа жасы  - 40 жас. 77,1 пайызының жоғары, 18,1 пайызының арнайы орта және 4,8 пайызының орта білімі бар. 54,8  пайызы мемлекеттік мекемелердің, ұйымдардың және кәсіпорындардың қызметкерлері болып табылады, 35,1 пайызы коммерциялық құрылымдарда жұмыспен қамтылған, 4,8 пайызы саяси партиялар мен ҮЕҰ-да жұмыс істейді.

«Қазіргі уақытта тіркелген кандидаттардың сайлауалды үгіт науқаны жүріп жатыр. Сайлау заңнамасына сәйкес сайлауалды үгітті жүргізу үшін барлық кандидаттарға тең жағдайларға кепiлдiк беріледi. Атап айтқанда, мемлекет кандидаттарға телевизиядан он бес минуттық сөз сөйлеуiне, радиодан он минуттық сөз сөйлеуіне, сондай-ақ баспа басылымдарында 0,1 баспа табақтан аспайтын көлемде екi мақала жариялауына кепілдік береді. Жергiлiктi атқарушы органдар тиiстi сайлау комиссияларымен бiрлесiп барлық кандидаттар үшiн үгіттiк баспа материалдарын орналастыру үшiн орын белгiлейдi және оларды стендтермен, тақталармен, тұғырлықтармен жарақтандырады. Үгiттiк баспа материалдары барлық кандидаттар үшiн тең құқықтар қамтамасыз ететiн жағдайда орналастырылады», - деді Сәрсембаев.

ОСК мүшесінің сөзіне қарағанда, тіркелген әрбір кандидат сайлауалды үгіт жүргізу үшін  кандидаттың жеке қаражатынан (2 445 900 теңгеден аспайтын), кандидатты ұсынған қоғамдық бiрлестiк бөлген қаражаттан (4 891 800 теңгеден аспайтын) және  ел азаматтары мен ұйымдарының ерiктi қайырымдылықтарынан (7 337 700 теңгеден аспайтын) тұратын өзінің сайлау қорын құра алады.

«Осылайша, мәслихаттың депутаттығына кандидаттың сайлау қорындағы ақшалай қаражаттың шекті мөлшері 14 675 400 теңгеден аспауы тиіс. БАҚ шарт негізінде тіркелген кандидаттарға эфир уақытын, баспасөз бетінен орын береді. Бұл ретте шарт талаптары белгiлi бiр кандидатқа артықшылық туғызбауға тиiс. Сайлау қорын құрмайтын азаматтар қаржыландыруды қажет етпейтін сайлауалды үгіт жүргізуге құқылы. Сайлау күні және оның алдындағы күні БАҚ-та үгіттік материалдарды жариялауға жол берілмейдi. Үгіт науқаны 2017 жылғы 24 наурыз күнгі сағ. 24.00-ге дейін жалғасады», - деді Сәрсембаев.

Соңғы жаңалықтар