Маусым айынан Алматыдан Алакөлге пойыздар тұрақты түрде қатынай бастайды

АЛМАТЫ. 23 сәуір. ҚазАқпарат - «Тұран Экспресс» жолаушылар компаниясының президенті Роман Ботабековтің болжамынша, биылғы жаз маусымында Алакөлге баратын саяхатшылар саны күрт артуы мүмкін.
None
None

Ол бұл пікірін бүгін Алматыда «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» мемлекеттік бағдарламасының жүзеге асырылуына арналған баспасөз мәслихатында білдірді.

«Бұған дейін Алматыдан Алакөлге қатынайтын пойыздар болмады. Енді маусым айынан бастап оған пойыз тұрақты қатынай бастайды. Бұл жер жаннаты Жетісудың маржаны саналатын Алакөлге деген саяхатшылардың қызығушылығын арттыра түсетіні анық», - дейді Р.Ботабеков.

Алматы мен Шығыс Қазақстан облыстары аумағында жатқан Алакөл Жетісудың Балқаштан кейінгі ең үлкен көлі. Теңіз деңгейінен 247,3 метр биіктікте орналасқан оның жалпы аумағы 2 696 шаршы шақырым, су көлемі 60 текше шақырым. Ұзындығы - 104, ені - 52 шақырымды құрайтын көлдің орташа тереңдігі - 22,1 метр, ал ең терең жері - 54 метрді құрайды. Оған Үржар, Қатысу, Емелқұйса, Жаманөткел, Ырғайлы, Жаманты сияқты 15-тен астам өзен құяды. Сазан, көксерке, алабұғы, шармай сияқты балықтар ауланатын көлде «Қызыл кітапқа» енгізілген әлемде сирек кездесетін реликті шағала мекендейді. Онда бұдан бөлек аққу, жылқышы, көкқұтан және ондатра, қамыс мысығы, жабайы шошқа, қамыс түлкісі, су тышқаны сияқты тағы басқа да құстар мен аңдар көптен кездеседі.

Соңғы жаңалықтар