Майдангер сержант Тұрсынбай Сыдықов Жеңісті Берлинде қарсы алған

ШЫМКЕНТ. Мамырдың 5-і. ҚазАқпарат /Татьяна Пылаева/ - Тұрсынбай Сыдықов Жеңісті Берлинде қарсы алған - осынау күнге ол қан мен қазаға, үрей мен жоқшылыққа толы ұзақ үш жыл жүрген. Бүгін, Ұлы Жеңіс тойының қарсаңында оқушылармен болған кездесулерде Тұрсынбай-ата сол күндері көзіне жас алып еске түсірді.
None
None

«Біз көргенді балаларымыз ешқашан көрмеуі керек. Олар әр сәт сайын достарын күткен ажалды көрмеулері тиіс. Ешқашан бір үзім нанды армандамаулары керек»,- дейді ардагер.

Оңтүстік Қазақстанның Сайрам ауданынан әскерге шақырылған кезде ол кісі небәрі 21 жаста болатын. Жастайынан жерді еміп өскен бозбала қанды қырғынның ортасынан бір-ақ шыққан. «Мен Мәскеуді қорғауға атсалыстым. Ол жерде не болғанын сіздер көз алдарыңызға да елестете алмайсыздар. Бір тәулік бойы көз ілмедік, нәр татпадық. Және күн сайын командирлердің беретін бұйрығы да бір болатын - бір қадам да артқа шегінбеу. 300 шақырым жерде -Мәскеу. Бір тілім нанды алты адамға бөлетінбіз және «нанға бір тойған күні, о дүниеге аттана беруге болады» дейтінбіз, - деп еске алады ақсақал. Мәскеуді қорғап қалдық, және ол өте бір күшті сезім болатын, дейді Тұрсынбай-ата.

«Қантөгіс соғыстар болды, бірақ біз немісті кері қарай тықсырдық, кейіннен -Висла арқылы, бүкіл Еуропа арқылы жүріп өтіп, Гамбургты азат еттік, сөйтіп сонау Берлинге дейін жеттік. Мен Берлинді көрген сәтте, маған «жақында үйге қайтамыз» деген ой келді, - дейді майдангер. Бірақ әскерден босату туралы бұйрықты 45-шы жылдың қазан айында алған сержант Сыдықов соғысты 617-ші атқыштар полкының құрамында өткізген. 1944 жылдың желтоқсанынан бастап әскер қатарынан босатылғанға дейін 153-ші атқыштар полкына шайқасқан. Ардагердің кеудесінде - 4 орден және 5 медаль тағылған.

45-ші жылдың мамыр айынан кейін ардагер Манчжурия жаққа жіберілген әскери құрылымдардың қатарына түседі. «Жапондықтармен болған соғысқа түсеміз деген әңгімелер айтылды. Бірақ толық жеңіске дейін резервте болдым», -деп еске алады майдангер.

Айтпақшы, Тұрсынбай ақсақал содан бері қолына қару ұстамаған - тіпті аңға шықпаған. Кезінде қолыма тек бейбіт қару ұстауға сөз бергенмін, дейді ол. Бүгінде ақсақал - үбірлі-шүбірлі отағасы: балалары, немерелері мен шөберелері оның өмірінің мәні мен маңызы.

«Осы жылдары тыныштықта, бақуаттылықта өмір сүріп отырғанымыз үшін баршаға рахмет. Жастар да, өкімет те сыйлап, құрметтеп келеді, жан-жақты қамқорлық көрсетілуде. Бейнетімізге қарай зейнетімізді көріп отырғанымыз үшін барша халыққа, Елбасына рахмет. Бәрі жеткілікті, бәрі жетеді», - дейді ақсақал.

Соңғы жаңалықтар