Мәжіліс «2010-2012 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын қарауға алды

АСТАНА. Наурыздың 3-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары «2010-2012 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «ҚР Ұлттық қорынан 2010-2012 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы» заң жобаларын өндіріске алды.
None
None

Қаржы және бюджет комитеті аталған заң жобалары бойынша ағымдағы сәуірдің 14-іне дейін қорытынды шығаратын болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Естеріңізге сала кетейік, заң жобасы бойынша нақтыланатын бюджеттің жалпы сомасы 295,5 млрд. теңге болатын қосымша түсімдер мен босайтын қаражатты Мемлекет басшысының «Жаңа онжылдық - жаңа экономикалық өрлеу - Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауының қағидаттарын іске асыру шараларына бағыттау көзделген. Бұл қаржы негізгі жеті басым бағыттарды қаржыландыруға бөлінеді. Оның ішінде бірінші басым бағыт - бюджет саласы қызметкерлерінің жалақысын және студенттердің стипендияларын 25 пайызға арттыру мерзімі ағымдағы жылғы шілденің 1-інен сәуірдің 1-іне ауыстыруға байланысты 53,8 млрд. теңге бөлу көзделген. Бұдан басқа, жедел индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясындағы шараларды қаржыландыруға 143,8 млрд. теңге көзделеді. Жалпы Үкіметтің республикалық бюджеттің нақтылаған көсеткіштері мынадай: түсімдер - 3 трлн. 374,4 млрд. теңгені құрайды, ол қолданыстағы бюджетке қарағанда 189,4 млрд. теңгеге өскен. Шығыстар - 4 трлн. 182,0 млрд. теңгені құрайды, бұл 140,1 млрд. теңгеге ұлғайған. Тапшылығы - 803,6 млрд. теңгені құрайды, бұл бұрынғы көрсеткіштен 50,7 мың теңгеге ұлғайған.

Алдымен Үкіметтің отырысында мақұлданған заң жобасы кеше «Нұр Отан» ХДП Мәжілістегі фракциясында да талқыланып, қолдау тапқан болатын.

Соңғы жаңалықтар