Мәжіліс «2011-2013 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңға өзгерістер енгізуге қатысты құжатты мақұлдады

Аталмыш құжатқа өзгерістер ағымдағы жылда еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының макроэкономикалық көрсеткіштерін нақтылаумен және шығыстардың басым бағыттарын іске асыру үшін жыл қорытындысы бойынша күтілетін үнемдеу қаражатын қайта бөлумен байланысты. Нәтижесінде 2011 жылға арналған республикалық бюджет кірістерінің нақтыланған болжамы биылғы жылға бектіліген жоспарға қарағанда 190 663 100 мың теңгеге ұлғайып, 3 035 459 279 мың теңге сомасында болады.
Экономикалық даму және сауда министрі Қайрат Келімбетовтың айтуынша, аталмыш құжатта биылғы жылғы қаңтар-тамыз айларындағы бренд маркілі мұнайға деген орташа әлемдік баға
1 барреліне 111 АҚШ долларын құрағандығын ескере отырып, 2011 жылға мұнай бағасының болжамы барреліне 65-тен 90 АҚШ долларына ұлғайтылды. «Бұл деңгей жыл аяғына дейін бағаның төмендеу қаупін ескере отырып белгіленген. Сонымен қатар елдегі ішкі және сыртқы факторларды ескере отырып, 2011 жылы экономиканың өсімі 7 пайыздық деңгейге бағаланды, ол Елбасының тапсырмасына сәйкес, экономикалық өсімнің индикативтік көрсеткіштеріне сәкес келеді»,-деді министр.