10:21, 08 Мамыр 2013 | GMT +5
Мәжіліс бюджеттің атқарылуы туралы Үкіметтің есебіне 8 маусымға дейін қорытынды шығаратын болады
АСТАНА. 8 мамыр. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары ҚР Үкіметі мен Есеп комитетінің 2012 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептерін өндіріске алды.

Бюджеттің атқарылуына Мәжіліс 8 маусымға дейін қорытынды шығаратын болады.
Қаржы және бюджет комитетінің хатшысы Екатерина Никитинскаяның айтуынша, былтырғы жылы республикалық бюджет қаражатын игеру 99,2 пайызға тең болып, игерілмей қалған бюджет қаражаты 41,6 млрд. теңгені құрап отыр.
2012 жылғы республикалық бюджеттің шығыстары 99,3 пайызға немесе 5795,7 млрд. теңге сомасында атқарылған. 2011 жылмен салыстырғанда республикалық бюджет шығыстарының өсімі 668,4 млрд. теңгені құрады. Бұдан бөлек, өткен жылы бюджет кодексіне енгізілген өзгерістерге сәйкес бюджет 24,2 млрд. теңгеге атқарылмай қалған.