Мәжіліс депутаттары Қ.Бисенов пен С.Әйімбетов Шиелі ауданында сайлаушылармен кездесті

Халық қалаулылары әуелі Жиделі ауылдық округіне ат басын тіреп, осындағы жаңадан соғылып жатқан № 206 мектеп құрылысымен танысты. Құрылысты «Астана сервис ЛТД» ЖШС жүргізіп келеді. Ауыл балалары үстіміздегі оқу жылының екінші тоқсанында осы сәулетті де кең, жарық бөлмелерде білім нәрімен сусындайтын болады деп күтілуде.
Осы күні депутаттар ауыл тұрғындарымен жүздесіп, ардагерлердің пікірлеріне құлақ түрді. Аудан әкімі Нұрлыбек Нәлібаев таза ауызсумен қамтамасыз етудің жайы жөнінде әңгімелеп, осындағы атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырып өтті. Ауыл ақсақалдары Мемлекет басшысының шет аймақтарға қамқорлық таныту жөніндегі бағдарламаларының тиянақты орындалып жатқанына алғыстарын білдірді.
Ауданда индустриялық-инновациялық даму тізбесіне енгізілген бірден-бір жоба - қамыстан құрылыс материалдарын шығаратын зауыт. Осы жоба шетелден жеткізіле бастаған құрал-жабдықтар арқылы жүзеге асырылмақ. Депутаттар жоба жұмысымен танысты.
Мәжіліс депутаттары «Нұр Отан» ХДП аудандық филиалы ғимаратында қоғамдық қабылдау өткізді.