Мәжіліс депутаттары «Кублей» кәсіпорнының тыныс-тіршілігімен танысты - БҚО

ОРАЛ. 3 шілде. ҚазАқпарат - ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Шавхат Өтемісов, Виктор Киянский, Самиғолла Оразов «Кублей» ЖШС-да болып, оның тыныс-тіршілігімен танысты.
None
None

Кәсіпорын басшысы Талғат Берекешев депутаттардың сауалына жауап беріп, өндіріс орнының бағыт-бағдары, жай-күйі туралы әңгімелеп берді. Оның айтуынша, «Кублейдің» құрылғанына 20 жылдан асты. Мұнда 370 адам еңбек етеді. 100-ден астам өнім түрлері өндіріледі. Өнімдерін ел аумағында және ТМД елдеріне шығарады. Соңғы сегіз жыл бойына ішкі жалпы өнімнің өсімі жыл сайын 15-25 пайызды құрады. «Қазір дайын түстік тағамдар шығаруға бағыт ұстаудамыз, соған орай жаңа желі қойғымыз келеді. Соның ішінде қазақтың асылған етін, лағманды, макаронды, палауды дайын күйінде қалбырлап шығарып, тұтынушыға ұсынудамыз. Өнімдеріміз экологиялық жағынан таза, жасанды қоспалардан ада. Ұлттық тағамдарымыздан шығаратын қалбырланған қазы, шұжыққа сұраныс көп. Балық өндіретін әлемдік іргелі компаниялармен байланыс орнатып, мұхит балықтары өнімдерін де қалбырлап шығарудамыз. Өйткені теңіз өнімдерінде фосфор, йод мол, сондықтан балық қалбырларына сұраныс жоғары», - деді «Кублей» ЖШС-ның директоры Т.Берекешев. Компания мамандардың білім-біліктілігін көтеруге үлкен мән береді. Технологтар, инженерлер шетелдерге, соның ішінде Германияға, Финляндияға, Италияға, Польшаға, Болгарияға барып, жаңа технологиялардың қыр-сырына қанығып жүр. Еліміздегі «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша кәсіпорын бизнесті дамытуға алған несиелерінің пайыздық мөлшерлемелерін субсидиялауға мемлекеттік көмек алды.

Кедендік одақтың құрылуына байланысты Ресей өндірісшілерімен арадағы бәсекелестік күшейе түсті. Дегенмен тауарды кедендік рәсімдеу үрдісі оңайлады. Қазақстандық өндірісшілерге Ресейдің нарығы 20 жыл бойы жабық болып келгендіктен, оның сыры беймәлім, әзірге тосындау. Олардың нарығы өз өнімдеріне сықап тұр. Соған қарамастан Ресейде өзін «қонақ» сезінетін оралдық ет өңдеуші компания өткен жылы 2011 жылдың көрсеткіштерімен салыстырғанда көрші нарығына өнімдерін өткізуді 15-20 пайызға өсіруге қол жеткізді.

Компанияда маркетинг және сату бөлімдері сауда желілерімен тұрақты байланыс орнатып, жұмыс істейді. Халықаралық тәжірибеге сай желілермен жұмыс істеу барысында оларға бонустар төленеді және өнімнің бағасы тұтынушыға сауда желілерінің үстемелері негізінде 50 пайызға қымбаттап жетеді. Қазіргі уақытта «Кублейдің» жылдық айналым қаражаты 6 млрд. теңгені құрайды.

Бұрын ет ел аумағынан алынатын. 2005 жылы ауыл шаруашылығында дағдарыс қатты сезілді. Тауарлық, өндірістік мұздатылған ет үлкен көлемде тапшы болды. Шикізат іздеп, Бразилияға, Аргентинаға шығуға тура келді. Қазір Ресей, Белоруссия етті сырттан тасуда. Тек олар емес, әлемдегі ет өңдеушілердің барлығы қайда арзан әрі сапалы ет бар, содан тасиды. Кәсіпорын бүгінде өңделетін шикізаттың жартысынан астамын сырттан алады. Егер компания еліміздегі бар етті сатып алып, өңдейтін болса, онда өнімнің өзіндік құны қымбаттайды, тіпті сұраныстан қалады. Ресейде 400-дей ет қалбырлайтын зауыт бар. Олар да Оңтүстік Америкадан, Аргентинадан, Австралиядан, Жаңа Зеландиядан қолжетімді бағаға ет алуда. Одан соң елімізде өндірілетін еттің сапасы да - үлкен мәселе.

Мәжіліс депутаты Шафхат Өтемісов: «Кублейдің» жағдайымен танысып, малдың сапасына, асыл мал басын көбейтудің маңыздылығына тағы бір көз жеткізгендей болдық. Жақында Парламентте мал шаруашылығын дамытуға арналған тыңдау өтті. Сонда осы мәселелер жан-жақты талқыланды және түйткілдерді шешу жолдарын қарастырдық. Түптеп келгенде, соның бәрі осындай өңдеуші кәсіпорындардың дамуына жағдай жасайды»,- деді.

Соңғы жаңалықтар