Мәжіліс депутаттары су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарды қабылдады

Қоғамдық қабылдауға келген он шақты адам су тасқынынан зардап шегушілер екен. Мәселен, Күнсұлу Сарғожиева өткен жылы несие алып, «Нефтяник» саяжай қоғамынан жер телімін иемденіп, үй тұрғызған. Үйді рәсімдеп үлгермепті. Құрылыс материалдарын сатып алғандығы туралы құжаттар суға кетті. Қолдарында тек жер актісі. Деркөл кенттік округінде тұратын Аңсар Аталиевтің де үйі тұруға жарамай қалған. Қабылдауға келушілердің арасында Айман Әмірғалиевада ғана үйге қатысты барлық құжаты бар. Ал Ақтоты Рыспаева мен Клайза Шұбалиева отбасыларымен саяжайда пәтер жалдап тұрыпты. Бәрі де алдағы күндеріне алаңдаулы. «Қазіргі уақытта арнайы комиссиялар жұмыс істеуде, - деді Аманжан Жамалов. - Комиссия мүшелері барлық жайды егжей-тегжейлі зерттеп, өз шешімдерін шығарады. Мемлекет тарапынан бәріне де көмек көрсетіледі. Арнайы қорға қаржы көздері түсіп жатыр. Мүмкін осы қаражаттан қажетті құжаттары жоқ зардап шегушілерге жатақхана салынар. Оны құрамында депутаттар, қоғамдық ұйым өкілдері бар комиссия, жергілікті атқарушы органдар шешеді».
Қабылдауға келген Чернобыль апатына қатысушы Сергей Рунгин республикада ауғандықтар мен чернобыльдықтарды әлеуметтік тұрғыдан қолдау тиісті деңгейде еместігін айтты. Ресейде, басқа да ТМД елдерінде бұл мәселе оңтайлы шешілуде. Бұл бағыттағы іс-шаралар бізде қашан басталмақшы?
-Таяуда Үкімет «Ардагерлер туралы» Заң жобасын Парламентке тағы тапсырды. Төрт жылдан бері түрлі өзгертулер мен толықтырулар енгізілген, дағдарыстың әсерінен қабылдануы қайта-қайта кейінге шегерілген бұл құжатта Ауған соғысы мен Чернобыль апатына қатысушыларды әлеуметтік қолдау турасында бап бар. Бұйыртса, ол биыл қабылданар деп отырмыз, - деді Виктор Киянский.
Зеленов ауданынан келген Фриза Цимбалова мүгедек бала тәрбиелеп отырған аналарды 53 жастан зейнеткерлікке шығару турасында ұсынысын білдірді. Халық қалаулылары бұл мәселе Парламентте талқыланып жатқандығын жеткізді.