Мәжіліс депутаттары Тасқалада бірнеше нысанның жұмысымен танысты
Меймандар алдымен «Калинина» жеке кәсіпкерлігінің «Автосервис» көлік құралдарына қызмет көрсету орталығында болды. «Жұмыспен қамту - 2020» бағдарламасы бойынша 3 млн. теңге алып, жақында ғана ісін бастаған орталықтың жұмыс барысымен танысқан халық қалаулылары қызмет көрсетудің сапасына назар аударды. Депутаттар Елбасы тапсырмасына сәйкес қолға алынған аталмыш бағдарламаның тұрғындар үшін тиімді екендігін, сонымен бірге қызмет көрсету бағасының ауылдық жерге ыңғайланған, қолжетімді болуы керектігін атап өтті.
«Гүлайым» несие серіктестігінің жетекшісі Сырым Ишанғалиевтің жүн түту цехында да жұмыс қызу. Мүдделес төрт адамнан құралған аталған серіктестік өткен жылы «Жұмыспен қамту - 2020» бағдарламасының бизнесті ұлғайту бағытымен 12 млн. теңге алған болатын. Соның ішінде ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу бойынша Сырым Ишанғалиев 3 млн. теңгеге қол жеткізіп, жүн түту құрал жабдығын алған екен. Цех иесі депутаттарға қой жүні көрпесіне сұраныстың артқанын айтты.
«Бір кездерде елімізде жүн шаруашылығы тоқырап қалуға жақындаған болатын. Ауылдағы адамдар жүннің өздеріне қажетті бөлігін ғана көрпе-төсеніштеріне қолмен түтіп пайдаланып, ал қалғаны рәсуа болатын еді. Сатылған күннің өзінде де өте төмен бағаланатын. Міне, мемлекеттік бағдарламаның арқасында жүн де өтімді тауарға айналғандығын көріп тұрмыз», - деді Шавхат Әнесұлы.
Тасқалалық жас кәсіпкер Руслан Бабабековтің кондитерлік өнім шығарушы кәсіпорнын аралаған қонақтар тамырына қан жүгіре бастаған жергілікті шағын кәсіптің жағдайымен де танысты. «Бізде үй ішінде орналасқан торт пен пирог пісіретін шағын цех бұрыннан да бар болатын. Кәсіпті кеңейтудің жолын қарастырып, банктерден несие алуға әрекет етіп жүрген кезімде «Жұмыспен қамту - 2020» бағдарламасы туралы естіп қалдым. Бірден аудандық жұмыспен қамту орталығына жүгініп, ондағы мамандар пікіріне сүйене отырып, бизнес жоспар жасақтап, бизнесті ұлғайту бағыты бойынша 3 млн. теңге алдым. Соның арқасында нан өнімдерін пісіретін пеш пен оны сақтайтын мұздатқыштар алынып, арнайы кондитерлік цех салынды. Аталған бағдарлама жұмысын кеңейіткісі келетіндер мен жұмыссыз отырған қолынан іс келетін жандарға үлкен мүмкіндік жасады», - деді депутаттарға Руслан Бабабеков.
Халық қалаулылары Саратов облысы Озинки елді мекенімен шектесетін «Тасқала» кеден бекетінде болып, кеденшілердің жұмысымен танысты.
Бекет бастығы Марлен Сапаров мекемедегі ахуалды баяндай келіп, күрмеулі мәселелерді, қысқы аяздарда кейде жарықтың сөніп қалатыны мен компьютерлік техникалардың жаңа түрінің қолда болмауы және автоөткел ғимаратының да талапқа сай емес екенін алға тартты.
Депутаттар Тасқалада қолға алынып жатқан игі шараларға ризашылықтарын білдіріп, келген сайын жағымды жаңалықпен қауышып қайтатындарын жеткізді.
«Өткен қыста келгенде «Жұмыспен қамту - 2020» бағдарламасы аясында қаржы алып, Айнабұлақ ауылында мал өсіріп жатқан бірнеше ағайынды жігіттердің еңбекқорлығын және пластикалық есік-терезе жасап жатқан оралман бауырларымыздың тіршілігін көріп қуанып қайтып едік. Осы сапарымызда Тасқала түлектерінің Ұлттық бірыңғай тестілеу сынағындағы үлкен табысын естідік. Сонымен бірге өз ісін ашып, дамытып жатқан бірнеше жергілікті тұрғынның ертеңгі күнге нық сенімді екендігін көрдік», - деді Шавхат Өтемісов.