Мәжіліс депутаты Атырауда қоғамдық қабылдау жүргізді
Халық қалаулысының алдына көмек сұрай келген алты баланың анасы Балжан Төлемісова өзінің бүгінгі ауыр жағдайын баяндады. Есейген төрт бірдей баласының мүгедек екенін айтып, оның ішінде жағдайы қиын, екі қолы бірдей жұмыс жасамайтын 25 жастағы ұлын Израйльге апарып ота жасату үшін демеушілік көмек сұрады. Мұң-мұқтажын жеткізген анаға Жалғас Мәтешұлы оған тиесілі көмектің қарастырылатынын жеткізді.
Қолдарында дипломдары бар, жұмыс іздеп жүрген жастардың көптігі бүгінгі қоғамдағы өзекті мәселелердің біріне айналды. Солардың бірі қабылдауда болған Марат Құдайбергенов те монтаждаушы мамандығы бойынша жұмысқа орналастыруға көмек сұрады. Мәжілісмен: «Ең алдымен жұмыспен қамту басқармасына тіркеуге тұру керек, сонда ғана жұмыс ұсынушы компаниялардың жәрмеңкелеріне қатысып, жұмысқа орналасуға мүмкіндік аласыз», - деп жауап қайырды.
Ал жер учаскесі бола тұра оны қажетіне жарата алмай жүрген Сайын Масабай халық қалаулысына мәселесін түсіндірді. Көлік тұрағын ғана орналастыруға рұқсат етілген жер учаскесіне дөңгелек жөндеу орнын ашқысы келетінін, алайда бұған рұқсат сұрап өтініш бергеніне бір жыл уақыт болғанымен еш жауап берілмегенін жеткізді. Мәселені бүге-шүгесіне дейін тыңдаған Жалғас Мәтешұлы бұл шағымға жауаптың жазбаша түрде болатынын айтты.