Мәжіліс депутаты Қ. Бисенов: Басты мақсат - жаңа ғасырдың талаптарына азаматтық ісімен, адамгершілік қабілетімен жауап бере алатын ұрпақ тәрбиелеп шығару

АНА. Қарашаның 4-і. ҚазАқпарат /Айдын Бәймен/ - Үшінші мыңжылдықтың Жаңа ғасыры өз талаптарын алға қойып отыр. Ғарыштық жедел қарқынмен дамып келе жатқан қоғам өз азаматтарынан үлкен міндеттерді атқаруды талап етеді. Әр салада даму, өсу-өркендеу болмаса, заман ағымынан қалып қоятыны даусыз.
None
None

Елдің келешегі - жастар. Ендеше, Қазақстанның болашағы болып отырған жастардың бүгінгі таңда қандай тәрбие алуы үлкен маңызға ие.  Жақында   ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде ұстаздармен және студенттермен жүздесіп, осы оқу орнында оқыған «Қазақстан дағдарыстан кейінгі дүниеде: Болашаққа интеллектуалдық секіріс» атты  дәрісі әрбір адамға үлкен ой салды.

Ол білім саласында жүрген жандарға өмірге жаңа көзқараспен қарау қажеттігін алға тартты. Осы дәрістен  көкейге түйгенін ортаға салғысы келетін азаматтар да аз емес. Соның бірі - бұрынғы Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің ректоры, қазір ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, техника ғылымдарының докторы, профессор Қылышбай Бисенов. Депутат ҚазАқпарат тілшісіне сұхбат беріп, ойларын ортаға салды.

- Қылышбай Алдабергенұлы, еліміздің тұрақты даму жолына түсіп, бәсекеге қабілетті болуы үшін интеллектуалды азамат қалыптастырудың маңыздылығы өте зор. Осы турасында өз ойларыңызбен бөліссеңіз?

- Университет ұжымы мен студенттер алдында Нұрсұлтан Әбішұлы әлемдік қаржы дағдарысының шығу себептеріне, елімізде дағдарысқа қарсы жүзеге асырылып жатқан іс-шараларға, әлемді дамытудың дағдарыстан кейінгі бағытына аса мән берді. Елбасы жаһандық қаржы дағдарысының өрісін  әлемде алғашқылардың бірі ретінде  дәл анықтай алып, оны  еңсерудің оңтайлы жолдарын ұсынып келеді. Бұл ұсыныстарға дүние жүзінің белгілі экономист-ғалымдары, саясаткерлері,  қаржыгерлері қолдау білдіріп отыр.

Айталық, Халықаралық валюта қорының басқарушы директоры Доминик Стросс-Канның «...ел ішінде жасалып жатқан шаралар негізінде биылғы жылдың аяғында біздің экономикамыздың өз проблемаларын еңсеретіндігіне..» тоқталуы Елбасының сара саясатының жасампаздығына көзімізді тағы бір жеткізді.

Елбасының ХХ-ХХІ ғасырлардағы әлемде болған әркездегі экономикалық қиыншылықтардың себептерін дәл ашып бере алды. Сонымен бірге алдағы уақытта әлемдегі экономикалық ахуал әлсіздігінен дағдарыстың жаңа толқындары бар екендігін ашық айта келіп, оған дайын болудың алғышарттарына тоқталды.

Елбасы дәрісінен алған тағылымдардың бірі ретінде экономикадағы мемлекеттің рөлі мен маңызының артуын айтар едім. Еліміз экономикалық қиыншылық жағдайында банктердің, ипотекалық компаниялардың ел алдындағы  қарыздарын өтеп берді. Банк жүйесіне қолдау білдіруге 476 миллард теңге бөлінсе, 40 мыңнан астам үлескерлердің мәселелері шешілуде.  Ел экономикасын тұрақтандырушы шаралар қабылданып, Ұлттық қордан қосымша 10 млрд доллар бөлінді. Көп елдерде жұмыс орындары қысқарып жатқанда, бізде жаңадан 400 мыңнан астам жұмыс орындары ашылды. Қазақстанның болашағы сапалы білім мен ғылымға тікелей байланысты болғандықтан, осы бағытқа қаржы күн санап артып келеді.

- Дағдарыстан шығудың жолдарын іздестіруде еліміздің оң бастамалары ретінде тағы қандай бағыттарды  айтар едіңіз?

- Елбасы  Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы «Дағдарыстан - жаңару мен дамуға» атты Қазақстан халқына Жолдауында берген тапсырмаларын орындау мақсатында Үкімет «Жол картасы» бағдарламасын қабылдаған болатын. Мемлекет  басшысы осы бағдарлама арқылы кадрларды аймақтық еңбекке орналастыру мен қайта даярлау стратегиясын жүзеге асыруға, агроөнеркәсіп кешенін жедел дамытуға, сондай-ақ индустриялық-инновациялық жобалардың орындалуына үлкен септігін тигізгенін өз дәрісінде баяндады. Жаңа өндірістерді, инфрақұрылымдық жобаларды дамытуға байланысты жұмыстар әрі қарай жалғасын таба береді. Оларға мұнай өңдеу өнеркәсібі, энергетика, автомобиль жолдарын салу жатады. Бұл жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. «Жол картасы» бағдарламасы келесі жылдары да жалғасатын болды. Ол дұрыс қолға алынған жоба екендігін дәлелдеп отыр.

Елбасы Қазақстанның индустриялық-инновациялық дамудың жеті басымдығын анықтап берді.Оның біреуі еліміздің аграрлық саласына қатысты.   Бұл саланы өркениетті түрде дамыта алсақ, үлкен жетістіктерге алып келері сөзсіз. Ең үлкен мәселенің бірі - барша қазақстан­дық­тарды күнделікті азық-түлікпен қамтамасыз ету. Бұл салаға мемлекетіміз 120 млрд. теңге қарас­тыр­ған болатын. Нәтижесінде биылғы жылы диқандарымыз жақсы өнім алып, жоғары көрсеткіштерге ие болды. Бұл - алдағы уақытта азық-түлік нарығындағы тұрақтылығымыз бен қауіпсіздігіміздің көрсеткіші.

Сонымен қатар құрылыс индустриясы мен құрылыс материалдары өндірісін, мұнай-газ саласы және оны өңдеу секторын, металлургия, химия, фармацевтика, қорғаныс өнеркәсібі, энергетика, көлік және телекоммуникация инфрақұрылымдарының дамуы еліміздің экономикасын тұрақтандыратыны сөзсіз.

Әлемді дамытудың дағдарыстан кейінгі үш бағытына нақты сипаттама берді. Оның ішінде энергия үнемдеу технологияларын дамытуға тоқталды. Атап айтсақ, күн, жел, геотермальды, су энергиясы және  биомасса сияқты энергияның қайта қалпына келетін көздеріне, энергияны сақтаудың жолдарын дамытуға елдің барлық азаматтарын  көңіл бөлуге шақырды.

- Елдің алға басуына қатысты пікіріңіз?

- Елбасы студенттерге және отандық интеллигенцияға арналған дәрісінде дамыған мемлекеттермен тереземіз теңесіп, олардың озық технологияларының өзімізге тартылуы, бірлескен кісіпорындар ашылуы мен инновациялық жобаларға қолдау көрсетілуін айта келіп, ұлтымыздың әлеуетін оятуға және жүзеге асыруға жағдай жасайтын интеллектуалды серпіліс қажеттілігіне баса назар аударды.

Елбасымыздың тікелей бастамасымен дүниеге келген «Болашақ» бағдарламасы мен республикада ашылып жатқан интеллектуалдық мектептер арқылы еліміздің дарынды жастарды қолдап, оларға деген шынайы қамқорлығын көрсетуде. Оны біздің жастар тағдырдың сыйлаған бақыты деп бағалап отыр. Мемлекет басшысы 2008 жылы «болашақтықтардың» форумында сөйлеген сөзінде «Интеллектуалды ұлт - 2020» ұлттық жобасы туралы идеяны ұсынып, жас ұрпақты бәсекелестікке бейім етіп тәрбиелеу мен білім сапасын арттыру мәселесін көтерген болатын. Сондықтан келешек ұрпақтың парасатты да, мәдениетті  болып, білімді, озық технологияларды, ғылымды жете меңгеріп, әсіресе елжанды азамат, білікті басқарушы болып қалыптасуына үлес қосу - аға ұрпақтың абыройлы парызы.

 Қазақстан әлемдік өркениетке еніп, прогрессивті технологияларды қолдана отырып, экономикада жетістіктерге қол жеткізуде. Ел Президенті Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен 1997 жылғы халыққа арналған «Қазақстан-2030: барша қазақстандықтардың өркендеуі, қауіпсіздігі мен әл-ауқатын жақсарту» Жолдауында еліміздің 2030 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық дамуының келешегі мен басымдықтары белгіленген.

Осыған орай мемлекетіміздің экономикалық қуаты мен ұлттық қауіпсіздігінің аса маңызды факторы болып табылатын қазіргі білім жүйесінің рөлі мен маңызы арта түсуде.

Қазіргі таңда Қазақстанда барлық деңгейдегі білімнің қолжетімдігін қамтамасыз етуге, оқыту мен тәрбие сапасын арттыруға, білім сапасын бағалаудың ұлттық жүйесін құруға бағытталған қазақстандық тиімді білім моделін қалыптастыру жөнінде реттілікпен әрі жүйелі түрде жұмыстар атқарылуда. Басты мақсат - жаңа ғасырдың талаптарына азаматтық ісімен, адамгершілік қабілетімен жауап бере алатын ұрпақ тәрбиелеп шығару. Осы бағытта оқу орындары да, ұжымдар да мақсатты жұмыстар істейді деген сенімім бар. Өз кезегінде жастар да рухани байлығы мол тұлға ретінде қалыптасуға бағыт ұстанып, мектептер мен колледждерден, жоғары оқу орындарынан біліммен бірге тәлім мен тәрбие алады деп ойлаймын.

- Айтқаныңыз келсін. Рақмет әңгімеңізге.

Соңғы жаңалықтар