Мәжіліс депутаты Н.Сабильянов қырыққа жуық елді мекенде болып, сайлаушылармен кездесті

Мәжіліс депутаты аталған төрт ауданда «Жол картасы» шеңберінде атқарылып жатқан жұмыстармен және негізгі іс-шаралармен танысты, салынып жатқан жаңа нысандарды аралап көрді. Тұрғындар «Жол картасы» аясында атқарылып жатқан жұмыстардың, салынып жатқан нысандардың сапасын қатаң бақылау қажеттігі жөнінде мәселе көтерді.
Депутат Н.Сабильянов Аягөз ауданы Ақтоғай кентіндегі, Зайсан ауданы Тасбастау ауылындағы, Тарбағатай ауданы Көкжыра, Көктүбек, Жәнтікей ауылдарындағы, Күршім ауданы Қаратоғай ауылындағы су тасқыны алып кеткен, жаңадан салынып жатқан үйлер мен нысандардың жағдайын көріп, құрылысшылармен және тұрғындармен жүздесті. Олардың өтініш-тілектерін тыңдады. Атап айтқанда, ауыл тұрғындары барлық үйлерді беру мерзімі қысқы мерзімге қалып қоймай, уақытында тапсырылып, тұрғындар баспаналы болса деген тілектерін жеткізді.
Кездесулер барысында, сондай-ақ, республикалық маңызы бар Тарбағатай-Аякөз-Малкелді, Семей-Қалбатау-Майқапшағай жол учаскелері мен Қарауыл-Аякөз автожолының, Ақтоғайдың 85 шақырымдық жолы, Аякөз қаласының көшелерін күрделі жөндеуден өткізу, бірқатар жолдарға көпір салу мәселелері айтылды.
Халықпен кездесуде тұрғындар тарапынан ауылдарды таза ауыз сумен қамтамасыз ету, мектеп, мәдениет үйін және дәрігерлік амбулатория салу, жедел-жәрдем автокөлігін алып беру, дәріхана ашу, жүн-тері жинап, оны өңдеу, жеңілдікпен несие беру, әлеуметтік төлемдер, көшелерді жарықтандыру және т.б. мәселелер көтерілді. Сондай-ақ, Зайсан ауданында газ-мұнайды барлау, Тарбағатай ауданының Тұғыл ауылындағы балықшыларға көп мөлшердегі айыппұл, салық салу мәселесі, Күршім ауданында «Протон» зымыраны қалдықтарының құлау мәселесі көтерілді.
Сонымен қатар аталған төрт аудан бойынша депутаттың жеке қабылдауында 130 адам болып, өз өтініштерін айтты.
Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов Елбасының үстіміздегі жылғы халыққа Жолдауындағы негізгі бағыттар туралы, Парламент Мәжілісінің қызметі мен қабылданған заңдар, «Нұр Отан» партиясының атқарып жатқан жұмыстары туралы баяндап берді.
Халықпен болған барлық кездесулер ашық түрде өтті, тұрғындардың көтерген мәселелері мен сұрақтарына депутат жауап берді.
Су тасқынынан зардап шеккен аудандардың тұрғындары қиын-қыстау кезде тұрғын-үй мен әлеуметтік нысандарды салуға қаражат бөлгізіп, тікелей қолдау көрсеткен Елбасына өз ризашылықтары мен алғыстарын жеткізді.