Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов Санкт-Петерборда өткен парламенттік іс-шараларға қатысты

АСТАНА. 29 сәуір. ҚазАқпарат - ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» ХДП Саяси Кеңесінің Бюро мүшесі Нұртай Сабильянов Санкт-Петербор қаласында өткен халықаралық конференцияға қатысты. Бұл шара Ресей парламентаризмінің 105 жылдығына арналды.
None
None

Осы жиында Ресей Федерациясы Федералды Жиналысы Мемлекеттік Думасының Төрағасы, ҰҚШҰ Парламенттік Ассамблеясының Төрағасы Борис Грызлов, Ресей Федерациясы Федералды Жиналысының ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясындағы тұрақты делегациясының жеткшісі, Мемлекеттік Думаның ТМД істері және отандастармен байланыс комитеті төрағасының орынбасары Александр Козловский, ТМД ПАА-ның Бас хатшысы Михаил Кротов және басқа да саясаткерлер мен ғалымдар өз ойларын ортаға салды. Қазақстан тарабынан Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов сөз сөйлеп, біздің елдің парламентшілері атынан Ресей парламентаризмінің 105 жылдығымен құттықтады.

Кезінде, яғни, ХХ ғасырдың басында Мемлекеттік Дума депутаты болған қазақтың ардақтылары Әлихан Бөкейханов, Бақытжан Қаратаев, Мұхамеджан Тынышбаев, Сәлімгерей Жантурин, Ахмет Бірімжанов, Алпысбай Қалменов және басқа да 12 тұлғаның есімдері мен атқарған қызметтерін тілге тиек етті.

Биыл Қазақстанның қос Палаталы кәсіби Парламенттің іргетасы қаланғанына 15 жыл толғанын, ел тәуелсіздігінің 20 жылдығын атап өткелі тұрғанымызды айтып өтті. Жуырда өткен Президент сайлауында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев сайлаушылардың 95,55 пайыз дауысын жинап, халық қолдауына ие болғанын жеткізді.

Депутат Қазақстан мен Ресей арасындағы ынтымақтастық байланыс, ТМД ПАА, ЕурАзЭҚ, ШЫҰ, ҰҚШҰ секілді халықаралық ұйымдармен ықпалдастық мәселелеріне тоқталды.

Сондай-ақ Н.Сабильянов осы сапары барысында ТМД Парламентаралық Ассамблеясының экономика және қаржы жөніндегі тұрақты комиссиясының отырысына қатысып, қарастырылып жатқан модельдік заң жобасы бойынша өз ұсынысын айтты.

Соңғы жаңалықтар