Мәжіліс депутаты «Жымпиты-Чапаев-Қазталов-Жәнібек-Волгоград» бағдарындағы жол халықаралық маңызға ие екенін мәлім етті

АСТАНА. 5 наурыз. ҚазАқпарат - ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Самиғолла Оразов Батыс Қазақстан облысы аумағын кесе көлденең қиып өтетін жолдар қалыпқа келтірілсе, халықарлық тасымал байланысының арта түсетініне сенімді және сол арқылы еліміздің экономикасына үлес қосылады деп есептейді.
None
None

«Бүгінгі таңда біз Еуразия құрлығындағы ғаламат жоба - «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізінің жүзеге асқанына куә болып отырмыз. Бұл Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ЕурАзЭҚ бойынша бастамасын іске асырудағы басты қадамның бірі екені анық», деді депутат.

Депутаттық қызметке дейін Орал қаласының әкімі болған Самиғолла Оразов Батыс Қазақстан өңірінің экономикалық-әлеуметтік жағдайын, көлік қатынасы мен автомобиль жолдарының жай-күйін жақсы біледі.

 Парламентшінің пікіріне сүйенсек, Ресей Федерациясының Волгоград облысы Қазақстан Республикасының Батыс Қазақстан облысымен шекаралас орналасқан және біздің елдің Кавказ аймағына шығатын қақпасы болып табылады. Қазіргі уақытта Қытай Халық Республикасынан жіберіліп жатқан халықаралық тасымалдар Ресей Федерациясының Самара, Саратов қалаларының және аздаған бөлігі Батыс Қазақстан облысы Жәнібек кентіндегі шекара арқылы өтеді. Осыншама айналма жолмен өтудің себебі «Чапаев-Жалпақтал-Қазталов-Жәнібек» республикалық маңызы бар автожолдардың маусымдық пайдалану сипатындағы қатты жабулармен жабылмағандықтан болып отыр.

«Жымпиты-Чапаев-Қазталов-Жәнібек-Волгоград» бағдарындағы жолдарға құрылыс және жөндеу жұмыстары жүргізілсе, бір мың шақырымдай жол ұзақтығын қысқартуға мүмкіндік туар еді. Сондай-ақ Кавказ  республикаларына, Ставрополь және Краснодар өлкелеріне, Ростов облысы, Украина, сондай-ақ Еуропа құрлығының оңтүстігіне тауарлар мен материалдық құндылықтарды жеткізуді оңайлататыны сөзсіз.

«Бұдан басқа, аталған автокөлік жол құрылысын ұйымдастырудың халық үшін және осы қатынас бағдарының экономикасына елеулі де тиімді әсері болады. Жаңа жұмыс орындарын ашу, жол бойы қызмет көрсету объектілерін ашу және инфрқұрылымды дамыту ісі жүзеге асатыны анық»,- дейді депутат С.Х.Оразов.

Осыған байланысты Мәжіліс депутаты аталған мәселені нақты зерделеу және пысықтау үшін Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігі, Батыс Қазақстан облысы әкімдігі, Ресей Федерациясының Волгоград облысы автомобиль жолдары ведомствосы өкілдерінің қатысуымен жұмыс тобын құру мүмкіндігін қарастыру жөнінде бастама көтеріп отыр. Бұл ұсынысты депутаттық сауал ретінде ҚР Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Серік Ахметовке жолдады.

Депутат өзі де аталған жұмыс тобымен ынтымақтастық жасауға дайын екенін мәлім етті.

Соңғы жаңалықтар