Мәжіліс инновациялық кластер туралы заң жобасын мақұлдады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Мәжілісінің депутаттары «Инновациялық технологиялар паркі» инновациялық кластері туралы» заң жобасын екінші оқылымда мақұлдады.
None
None

Аталған заң жобасы Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес әзірленген және «Инновациялық технологиялар паркі» инновациялық кластерінің құқықтық мәртебесін, «Инновациялық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймағын басқару ерекшеліктерін айқындайды. Бұл ретте «Инновациялық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймағының басқару органын коммерциялық емес ұйымға - дербес кластерлік қорға қайта ұйымдастыру көзделеді. Парктің дербес кластерлік қорына шетелдік жұмыс күшін тартудың жеңілдетілген рәсімі белгіленеді әрі технологиялар паркінің әлеуетті қатысушыларына қойылатын талаптар айқындалады. Бұдан бөлек, «Инновациялық технологиялар паркін» дамыту аясында ғылымды, білімді және өндірісті интеграциялау шаралары қарастырылады. Іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеудің басым бағыттарын дамыту көзделеді.

Екінші оқылымға әзірлеу барысында депутаттар заң жобасында «дербес кластерлік қор», «инновациялық технологиялар паркі» секілді ұғымның редакциясын жақсартуға бағытталған түзетулер енгізді. Бұдан бөлек, ғылыми-зерттеу және ғылыми-техникалық жұмыстарды жыл сайынғы қаржыландыру жөніндегі міндеттемені орындау шеңберінде жер қойнауын пайдаланушылар жұмсаған қаражатты қалыптастыру және пайдалану тәртібі нақтыланды.

Мәжіліс мақұлдаған құжат Сенатқа жолданады.

Соңғы жаңалықтар
Референдум