Мәжіліс Қазақстан мен Беларусь арасындағы халықаралық автомобиль тасымалын дамытуға бағытталған құжатты мақұлдады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары «2004 жылғы 19 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Беларусь Республикасының Үкіметі арасындағы халықаралық автомобиль қатынасы туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасын мақұлдады.
None
None

«Беларусь халықаралық автомобиль тасымалдау саласында Қазақстан үшін аса маңызды. Еуропаға өтетін транзиттің 75 пайызы Беларусь аумағы арқылы жасалады. Сонымен қатар, Қазақстан мен Беларусь арасындағы тасымалдардың ұдайы өсіп келе жатқанын ескерсек, бұл заң жобасының маңызы зор», - деді Инвестициялар және даму бірінші вице-министрі Жеңіс Қасымбек.

Оның айтуынша, Беларусь елімен арадағы тасымал өсімі 27 пайызды құраған. Ал қаралып отырған келісімге сәйкес, Қазақстан мен Беларусь арасындағы екіжақты және транзиттік тасымалдар жасауға рұқсатсыз жүйе енгізу ұсынылады. Бұл жүйе екі ел арқылы транзиттік тасымалдауды, сондай-ақ экспорттық-импорттық тасымалдарды кедергісіз жасауға мүмкіндік береді.

«Қазіргі таңда Қазақстан 42 елмен екіжақты тасымалдау бойынша екіжақты келісімдер жасап отыр. Бұл келісім еліміздің тасымалдаушылары үшін тиімді», - деді Ж. Қасымбек. Хаттама ратификацияланғаннан кейін отандық тасымалдаушылар Қазақстан-Беларусь автотасымал нарығын белсенді игере бастайды.

Мәжіліс мақұлдаған заң жобасы Парламент Сенатына жолданады.

Соңғы жаңалықтар