Мәжіліс Қазақстан мен Франция арасындағы стратегиялық әріптестік туралы келісімді мақұлдады

АНА. Ақпанның 24-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасы мен Француз Республикасы арасындағы стратегиялық әріптестік туралы шартты ратификациялау туралы» заң жобасын мақұлдады,
None
None

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазақстан мен Франция арасындағы стратегиялық әріптестік туралы шартқа 2008 жылы маусымның 11-інде ҚР Президенті Н. Назарбаевтың Франция Республикасына ресми сапары барысында қол қойылған болатын. Құжат Қазақстан тарапының бастамасымен «Еуропаға жол» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру шеңберінде әзірленіп отыр. Бұндағы негізгі мақсат Қазақстанның жетекші Еуропа елдерімен стратегиялық әріптестік деңгейіне шығу болып табылады. Тоқтала кететін жайт, Франция - Қазақстанмен стратегиялық әріптестік туралы құжатқа қол қойған Еуропаның бірінші елі. Бұндай келісімдерге Франциядан соң Испания және Италия елдерімен де қол қойылған болатын», деді заң жобасы бойынша баяндама жасаған ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Константин Жигалов.

Оның айтуынша, шартты қабылдау арқылы екі жаққа бірдей қызығушылық танытқан әртүрлі салаларда екіжақты ынтымақтастыққа жаңа сапа беру және қарым-қатынастардың құқықтық базасын нығайту жүзеге асады деп болжанады. Құжат шеңберінде Қазақстан және Франция арасында бірлескен кәсіпорындар құру мен экономикалық және қаржылық форумдарды тұрақты түрде өткізіп отыру мәселелері қарастырылады. Осы арқылы сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту бойынша бірлескен жұмыс жүргізу шаралары да көзделеді әрі шартты ратификациялау жаңа мүмкіндіктерді талқылау үшін перспективаларға жол ашады. «2009 жылғы қазанның 6-сындағы Франция Президенті Николя Саркозидің Астанаға мемлекеттік сапары барысында елордада француздық іскер тараппен жалпы сомасы 4 млрд. еуроны құрайтын 16 келісімшарттар жасалды. Осының өзі екі елдің экономикалық әріптестігінің ауқымды жүзеге асатынын білдіреді», деді К. Жигалов. Шартты ратификациялау әлеуметтік-экономикалық және құқықтық теріс салдарға, сондай-ақ қосымша бюджеттік қаржыларға әкеп соқпайды. Аймақтық және халықаралық деңгейде Қазақстанның рөлін арттыруға жағдай жасайды.

Мәжіліс мақұлдаған заң жобасы Парламент Сенатына жіберіледі.

Соңғы жаңалықтар