Мәжіліс спикері Н. Нығматулин Лордтар палатасының мүшесі баронесса Саида Варсимен кездесті

Атап айтқанда, тараптар аймақтық қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайтуға ерекше назар аударды. Мәжіліс Төрағасы халықаралық қауымдастықтың Ауғанстандағы жағдайды тұрақтандыру бойынша жасап жатқан әрекетіне Қазақстан мен Елбасының қосып жатқан үлесін айта келіп, Ауғанстанға көмек ретінде біздің елімізде жүзеге асырылып жатқан әлеуметтік және гуманитарлық жобаларды сөз етті. Өз кезегінде, Ұлыбританияның Сыртқы Істер министрінің бірінші орынбасары да осы мәселедегі Қазақстанның ықпалына жоғары баға бере келіп, Президент Нұрсұлтан Назарбаев пен еліміздің әлемдік аренадағы халықаралық жоғары беделіне тоқталды.
Нұрлан Нығматулин мен Саида Варсидің пікірінше, әріптестікті кеңейту, соның ішінде, парламенттер арасындағы ықпалдастықты нығайту қауіпсіздік пен бейбітшілік мәселелерін ғаламдық деңгейде ілгерлетуге мүмкіндік береді.
Бұдан бөлек, тараптар бүкіл әлемдік «ЭКСПО-2017» көрмесіне дайындық жағдайларын сөз ете келіп, «Болашақ энергиясы» және аймақтық транспорттық инфрақұрылым тақырыптарына жеке көңіл бөлді. «Біз үшін Ұлыбританияның алдыңғы қатарлы технологиялар мен инновациялар дамуында, энергетика саласындағы, соның ішінде, таза және қауіпсіз өндіріс құру жолындағы бай тәжірибелері өте маңызды», -деп атап өтті Нұрлан Нығматулин.
Мәжіліс Төрағасы мен Ұлыбритания Сыртқы Істер министрінің бірінші орынбасары қазақстандық және британдық парламентшілердің өзара әрекеті алдағы уақытта да екі ел арасындағы түсіністік пен саяси сұхбатты дамытуға бағытталатынына сенім білдірді.