Мәжіліс Төрағасы Қырғыз Республикасы Жогорку Кенешінің Төрағасымен жүздесті
Қырғыз депутаттары біздің елге Түркі тілдес елдердің Парламенттік Ассамблеясының (Түрк ПА) ІІ жалпы отырысының жұмысына қатысу үшін ресми сапармен келген болатын.
«Қош келдіңіздер, құрметті әріптестер!» деп сөз бастаған Мәжіліс Төрағасы «Қазақстан мен Қырғыз Республикасы арасындағы қарым-қатынас ежелден қалыптасқан, тамырын тереңнен тартқан. Мұнда бауырластық та бар, туыстықта бар, көршілік те бар. Еліміз егемендігін алған соң, байланысымыз жаңа сатыларға көтеріліп жатыр»,- деді.
Қос мемлекет арасында ынтымақтастық жөніндегі келісім-шарттар жасалған. Жалпы, екі елдің арасындағы қарым-қатынас ойдағыдай дамып келе жатыр деуге толық негіз бар.
Палата Төрағасы Қазақстан Қырғыз еліндегі саяси тұрақтылықты қамтамасыз етуге, экономикалық дамуды, әлеуметтік өркендеуді көздейтін Қырғызстан басшыларының қолға алған шараларын қолдап отырғанын жеткізді. Және де ол шаралар алдағы уақытта өз нәтижесін беретініне сенім білдірді.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы Қазақстан халқына Жолдауында мемлекетаралық бағдарлама жасау жөнінде айтылды. Соған сәйкес Қазақстан және басқа мемлекеттер тарапынан да Қырғыз экономикасына көмек көрсету жағы да қамтылып отыр. Осыған байланысты жұмыстар қазір жүріп жатыр.
Парламентаралық байланыс тұрақты дамып келеді.
Қырғыз Республикасы Жогорку Кенешінің Төрағасы өз сөзінде парламентшілер делегациясын шақырып, құшақ жайып қарсы алып, ыстық ықылас білдіргені үшін қазақ тарабына алғысын жеткізді. Қазақстандағы Президенттік сайлаудың сәтті өтуімен құттықтады.
«Өткен жылы Қырғыз елінің бастан кешкен қиындықтарында бізге көмек көрсетіп, қолдау жасаған Қазақстанға, ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа ризашылығымызды білдіреміз»,- деді Ахматбек Келдібеков.
Мейманның айтуынша, өткен жылғы оқиғалардан кейін Қырғыз Республикасының жаңа Конституциясы қабылданды. Соның негізінде сайлау өтті. Жылдың соңында Қырғыз Республикасы Президентінің сайлауы өтпекші.
Кездесу соңында ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджанов пен Қырғыз Республикасы Жогорку Кенешінің Төрағасы Ахматбек Келдібеков Мәжіліс пен Жогорку Кенеш арасындағы ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды.