Мәжіліс Төрағасы О. Мұхамеджанов Қытай елшісі Чжоу Лиді қабылдады
Жүздесу барысында Мәжіліс Төрағасы елшіні дипломатиялық миссия қызметіне тағайындалуымен құттықтап, жоғары жауапкершіліктегі қызметінің екі ел арасындағы стратегиялық әріптестіктің нығаюына зор үлес қосатынына сенім білдірді. «Қытай елімен достық, тату көршілік және өзара тиімді қатынастарды дамыту Қазақстанның сыртқы саясаттағы басым бағыттарының бірі. Біз елдер арасындағы барлық бағыттар бойынша, атап айтқанда экономикалық, сауда, гуманитарлық, саяси ынтымақтастық байланыстардың қарқынды даму үрдісін байқап отырмыз. Бұндай қарым-қатынастардың оң үрдіспен дамуына екі мемлекеттің жоғары деңгейдегі кездесулері серпін беріп отыр», деді О. Мұхамеджанов.
Сонымен қатар, Төраға Қазақстан мен Қытай арасында екі тарапты форматта ғана емес, көпжақты байланыстарда да ынтымақтастық орын алып отырғанын тілге тиек етіп, бұл ретте ШЫҰ, АӨІСШК секілді ұйымдардағы көрші елдің белсенділігін жоғары бағалады.
«Соңғы уақытта біздің парламентаралық қатынастарымыз, «Нұр Отан» мен ҚХР Коммунистік партиясы арасындағы байланыстар да өзіндік үрдіске ие болды. Гуманитарлық байланыс саласындағы қарқынымыз да жаман емес. Деректерге сәйкес, бүгінгі күні Қытайда 5 мыңға тарта Қазақстан азаматтары білім алуда. Жалпы, екі ел арасындағы байланыстарды жанжақты жетілдіре беруге ниеттіміз», деді Мәжіліс спикері.
Өз кезегінде Елші Қазақстан мен Қытай арасындағы қарқынды даму үрдісіне қатысты Мәжіліс Төрағасының берген бағасына толығымен келісетіндігін білдірді. «Мен елші қызметінде Қазақстанға алғаш рет келуім. Бұған дейін Кеңес одағы тұсында сіздің елге бірнеше мәрте келгенмін. Бірақ, Қазақстан тәуелсіздігінен кейінгі өзгерістер мені тәнті етті. Әсіресе, 12 жылдың ішінде Астана заманауи қалаға айналыпты. Бұндай жетістіктерде Мемлекет басшысы Н. Назарбаевтың рөлі зор деп білемін», деді Чжоу Ли.
Сонымен бірге, Елші Қазақстан мен Қытай тату көршілер ретінде болашақта бұдан да тығыз қарым-қатынас орната алады деген сенімін білдірді.