Мәжіліс Төрағасы Жапонияның бұрынғы Премьер-министрімен және Қазақстанмен достықты нығайту жөніндегі парламенттік лигасының төрағасымен кездесті

АСТАНА. 4 мамыр. ҚазАқпарат - Елордамызда өтіп жатқан IV Астаналық экономикалық форум жұмысы шеңберінде ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджанов Жапонияның бұрынғы Премьер-министрі және аталған елдің Қазақстанмен достықты нығайту жөніндегі парламенттік лигасының төрағасы Юкио Хатояма мырзамен кездесті.
None
None

Мәжіліс Төрағасы сөз басында биылғы көктемде болған зілзаланың қасіретін шеккен Жапония халқына көңіл айтатынын жеткізді.

Өз кезегінде Юкио Хатояма мырза кезінде Қазақстан халқы Семей сынақ аймағында болған ядролық жарылыстардың зардаптарын шеккенін жан-жүрегімен түсінетінін айтты. Сондықтан табиғат апатына ұшыраған жапон халқының жағдайына ерекше назар аударған қазақстандықтарға Жапонияға көмек көрсеткені үшін алғысын білдірді.

Қазақстан мен Жапония арасындағы қарым-қатынасты дамыту осы басқосудың негізгі арқауына айналды.

Мәжіліс Төрағасының мәлімдеуінше, Жапониямен стратегиялық әріптестік байланысты өрістету - Қазақстанның сыртқы саясаттағы басымдық берілген бағыты. ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 2008 жылғы маусым айында Токиоға жасаған ресми сапары екі елдің арасындағы ынтымақтастықтың мүмкіндігі мол екендігін көрсетті.

Сұхбаттасушы тараптар парламентаралық кездесулер саяси үнқатысудың маңызды тетігі болатынын атап өтті. Соның жарқын көрінісі - өткен жылы қараша айында Орал Мұхамеджанов бастаған Қазақстан парламентшілерінің Жапонияға барған ресми сапары. Жапондық әріптестерімен болған кездесулерде екі елдің заң шығарушы органдары арасындағы ынтымақтастықты жақындата түсуге ықпал ететіні анық сезілді.

Сол сапар барысында Қазақстанмен достықты нығайту жөніндегі Жапонияның парламенттік лигасымен кездесулер болып өтті. Қазақстанның Парламенті Мәжілісінде де Жапония Парламентімен ынтымақтастық жөніндегі достық тобы бар. Осы кездесуде тараптар парламентаралық топтардың қарым-қатынасын күшейту парламентаралық байланысты нығайтуға негіз болатынын атап өтті.

Осы орайда Мәжіліс Төрағасы Юкио Хатояма мырзаны Қазақстанмен достықты нығайту жөніндегі парламенттік лигасының төрағасы қызметіне тағайындалуымен құттықтады. Және де парламенттік достық лигасының бірлескен отырысын өткізу жөнінде ұсыныс жасады. Өйткені Қазақстан әлеуметтік тұрақтылықты сақтау және жаһандық экономикалық дағдарыс кезеңінде халықтың өмір сүру деңгейін арттыру бағытындағы жапон қоғамының заңнамалық қамтамасыз ету тәжірибесімен бөлісуге ынталы.

Кездесу соңында тараптар екі ел арасындағы саяси және сауда-экономикалық бағыттағы қарым-қатынастың қарқынды дамуына тілектестіктерін білдірді.

Соңғы жаңалықтар