Мәжілісмендер Оңтүстік Қазақстан облысына көшпелі отырыс ұйымдастырды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Оңтүстік Қазақстанда ҚР Парламенті Мәжілісінің қаржы және бюджет комитетінің көшпелі отырысы өтті. 
None
None

Онда аталған комитеттің төрайымы Гүлжан Қарағұсованың басшылығымен «бюджетаралық реттеудің негізгі функцияларының бірі ретінде өңірдің бюджеттік қамтамасыз етілуін теңестіру және салықтық әлеуетінің өсуін ынталандыру» мәселесі қаралды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ОҚО әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.  

Көшпелі жиынға Қаржы министрлігінің мемлекеттік кіріс комитетінің төрағасы Д.Ерғожин мен ҚР Парламенті Мәжілісінің 12 депутаты және облыстық мәслихат депутаттары қатысты. 

«Бүгінгі отырыста талқыланатын мәселе өте маңызды, себебі өңіріміздің бюджеті республика бойынша ең үлкені. Тек соңғы 7 жылда облыс бюджеті 2,5 есеге өсіп, 559 млрд. теңгеге жетті. Осыған орай, біздің басты міндет бюджеттен жұмсалған әр теңгенің облыс экономикасына тигізетін әсерінің нәтижелі болуын ұйымдастыру. Себебі, бюджет қаражаты есебінен облыс халқының көптеген әлеуметтік-экономикалық маңызды мәселелері шешіледі», - деді отырысты ашқан облыс әкімі Жансейіт Түймебаев.

Жиында баяндама жасаған комитет мүшесі Омархан Өксікбаев бюджетаралық қатынастарды ұйымдастыруды жақсарту, сондай-ақ оларды одан әрі жетілдіру бағыттарын дұрыс таңдауды қамтамасыз ету - біздің ортақ жұмыс екенін жеткізді.

«Бюджетаралық қатынастар - өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын басқару құралдарының бірі, сондықтан олар аймақтың даму мақсаттарымен және міндеттерімен үйлесімді болуға тиіс. Бюджетаралық қатынастардың қалыптасқан жүйесінде бір нәрсені өзгерту үшін салмақты дәлелдер мен оны өзгерту бойынша ұсыныстар қажет», - деді О.Өксікбаев.

Сонымен қатар, күн тәртібінде облыс әкімінің орынбасары Е.Садыр сөз алып, өңіріміздегі бюджеттің атқарылу барысы туралы баяндады. Айтуынша, 2014-2016 жылдарға республикалық бюджеттен жалпы 765,7 млрд. теңге, оның ішінде 2014 жылы - 254,7 млрд. теңге, 2015 жылы - 255,2 млрд. теңге, 2016 жылы - 255,8 млрд. теңге көлемінде субвенция бөлінген. 

Айта кетейік, бюджетті жоспарлау мен орындау механизмдерін тұрақты жетілдіру нәтижесінде облысымызда егемендік алған жылдардан бері, 1491 мектепке дейінгі ұйымдар ашылып, балаларды мектепкеалды біліммен қамту деңгейі 14%-дан 83,3%-ға жетті. Сондай-ақ, осы жылдарда облыста 444 жаңа мектептер салынып, 117 апатты мектептің мәселесі шешілді. Денсаулық сақтау саласында 347 жаңа нысан пайдалануға берілді. Бұдан бөлек, өңірде 8,9 млн. шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, 100 мыңнан астам отбасы баспаналы болды. Сонымен қатар, орталықтандырылған сумен қамту 51,9%-дан 71,3%-ға және газбен қамту - 33,1%-дан 57,2%-ға жетті. Ерекше көңіл бөліп айтатын мәселе, аймақ экономикасына бюджет есебінен көрсетілген қолдау нәтижесінде жұмыссыздық деңгейі 11,4%-дан 5,2%-ға төмендеді. Сонымен қатар, мұғалімдердің, денсаулық сақтау және  жалпы алғанда барлық бюджеттен қаржыландырылатын мекеме қызметкерлерінің еңбекақысы көбейді.

 

Соңғы жаңалықтар