Мәжілісте әлеуметтік салаға бөлінетін қаржы көлемі талқыланды

Талқылауды аталмыш заң жобасын жүргізетін жұмыс тобының басшысы Омархан Өксікбаев ашып, жүргізіп отырды. Өзінің сөзінде депутат бюджеттің үштен бірі осы салаға жұмсалатынын атап өтті. Сондықтан да саланың шығыстарына жіті көзбен қарауы¬мыз керек, дей келіп, О.Өксік¬баев сөзді баяндамашыға берді.
Стра¬тегиялық жоспардың бағыттарын іске асыру үшін 2017 жылға 3 трлн 104 млрд теңге көзделіп отыр, бұл ІЖӨ-нің 6,4 пайызын, ал бар¬лық республикалық бюджет шығысының 36,2 пайызын құрайды. Оның 3 трлн 47 млрд теңгесі ағымдағы бағдарламалар, 57 млрд тең¬гесі даму бюджеті. 2016 жылмен салыстырғанда, министрліктің шы¬ғысы 106 млрд теңгеге немесе 3,5 пайызға артып отыр. Шығыстар денсаулық сақтау және әлеуметтік-еңбек саласы бағыттарына бөлінген. Соның ішінде денсаулық сақтау саласына 2017 жылы 1014 млрд теңге, ал әлеуметтік-еңбек саласы шығыстарына 2090 млрд теңге бөлу көзделіп отыр, деді Біржан Нұрымбетов.
Одан әрі баяндамашының сөзінде денсаулық сақтауға бөлі¬не¬тін шығыстардың ішінде кепілдендірілген тегін медициналық көмектің шығыстары 915 млрд теңгені құрап, барлық шығыстың 90 пайызына ие екендігі айтылды.
Қалған бөлігі мамандар даярлау, қызметкерлердің біліктілігін арттыру, құрылыс және т.б. жұмсалады екен. Әлеуметтік-еңбек саласындағы барлық шығыстың 96 пайызы немесе 1998 млрд теңге түрлі әлеуметтік төлемдерге жұмсалады. Соның ішінде зейнетақы, жәрдемақы және т.б. бар.
2017 жылы зейнетақы мөлшері 9 пайызға арттырылады, деді вице-министр. Осы арттыруды негіздейтін базалық зейнетақының мөлшері 12802 теңгені құрайды. Сөйтіп, базалық зейнетақы мен ынтымақтастық негіздегі зейнетақының қосындысы орта есеп¬пен 60167 теңгеге жетеді. Барлық әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері 2017 жылдың 1 қаңтарынан 7 пайызға артады. 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап әлеуметтік даму тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде ең төменгі күнкөріс деңгейінің мөлшерін кезең-кезеңмен қайта қарау көзделіп отыр. Оның азық-түліктік және азық-түліктік емес бөліктерінің қатысы бүгін 60х40 болса, енді 55х45 пайызға өзгертілетін болады.
2018 жылғы 1 шілдеден бастап базалық зейнетақыны тағайындау тәртібі де өзгереді. Бүгінгі күні тек зейнет жасына жеткеніне қатысты базалық зейнетақы төленеді. Ол - ең төменгі күнкөріс көрсеткішінің 50 пайызы. Енді азаматтың жалпы еңбек өтілі 10 жылға дейін болса ғана ол бүгінгідей ең төменгі күнкөріс көрсеткішінің 50 пайызын алады, ал одан жоғарғы әрбір жыл үшін күнкөріс көрсеткішінің 2 пайызы мөлшерінде зейнетақысына қосылады. Сөйтіп, 35 жылдан артық өтілі бар азаматтар ең төменгі күнкөріс мөлшеріне тең базалық зейнетақы алатын болады, деді вице-министр. Болжаммен бұл жеңілдікті 2 млн-нан астам адам пайдалана алады екен.
Сонымен қатар, 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап атаулы әлеуметтік көмек те өзгермекші. Бүгінге дейін оның мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің 40 пайы-зынан аспайтын болса, енді 50 пайызға дейін көтеріліпті. Осы кезден бастап жұмыс беруші зейнетақы қорына қосымша 5 пайыз міндетті жарна төлейтін болыпты. Бұл төлем бюджеттік сала қызметкерлеріне де қатысты болғандықтан, оған министрліктен 2018 жылға 76,2 млрд теңге, 2019 жылға 77,2 млрд теңге қарастырылған көрінеді.
«Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасын іске асыруға 37 млрд теңге, оның ішінде 27 млрд теңге - микрокредит беруге, 10 млрд теңге - жұмыс берушінің қажеттілігі шеңберінде оқыту және қоныс аударту арқылы жұмысқа орналасуға жәрдемдесуге бағытталатын болады, деді вице-министр.
Мүмкіндігі шектеулі адамдарды әлеуметтік қорғауға 9 млрд теңге қарастырылыпты. Бұл соманың 70 пайызы Қазақстандағы мүгедектердің құқықтарын қорғау және өмір сүру сапасын арттыру істеріне бағытталады.