Мәжілісте «ҚР онкологиялық көмекті дамыту туралы» салалық бағдарламаның жобасы таныстырылды

  АСТАНА. 6 наурыз. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Мәжілісінде «Нұр Отан» ХДП фракциясы жанындағы Әлеуметтік кеңес отырысында «Қазақстан Республикасында онкологиялық көмекті дамыту туралы» салалық бағдарламаның жобасы таныстырылды, деп хабарлайды Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі.
None
None

Аталған жоба Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес Үкіметте әзірленді. Бағдарламаның мақсаты - онкологиялық аурулардан болатын өлім-жітімді азайту арқылы қазақстандықтардың өмір сапасы мен өмір сүру ұзақтығын арттыру болып табылады. Бағдарлама 2012-2016 жылдарға арналған және бірқатар кешенді іс-шараларды іске асыруды қарастырады. Біріншіден, профилактикалық шараларды дамытуға, оның ішінде скринингтік бағдарламаларды кеңейтуге үлкен маңыз беріледі. Өңеш және асқазан обыры, бауыр обыры, еркек безі обыры ауруларын анықтауға бағытталған скринингтің жаңа түрлері енгізілетін болады. Сонымен қатар, адам папилломасына қарсы қыздарға егу жасаудың ілкі жобасын енгізу мәселесі қарастырылуда. Бұл өз кезегінде жатыр мойыншағы обырының дамуынан қорғайтын болады.   

Астанада Ұлттық онкологиялық ғылыми орталық салынып, онда қатерлік ісік ауруларын диагностикалау мен емдеудің барлық бірегей әлемдік технологиялары шоғырландырылатын болады. Сондай-ақ, жаңа орталықта ғылыми-зерттеу жұмыстары, бірегей технологиялармен түбегейлі емдеу жүргізіледі. Диагностикалау және емдеудің жаңа технологиялары мен стандарттары әзірленіп, олар іске қосылған соң өңірлерге беріледі. Онкологиялық ұйымдар қазіргі заманғы медициналық құралғылармен қайта жарақтандырылып, жаңғыртылады. Бұл өз кезегінде ядролық медицина, жоғары технологиялық сәулелі терапия, кіші инвазивтік операциялар, үлкендерге және балаларға кемік майын трансплантациялайтын жоғары дозалы химиятерапия сияқты қазіргі заманғы технологияларға қазақстандықтардың қолжетімділігін қамтамасыз етеді.

Бастапқы медициналық-санитариялық көмек деңгейінде онкологиялық, маммологиялық, проктологиялық кабинеттер ашуға; онкологиялық қызмет мамандарының және емдеу ұйымдарындағы жалпы тәжірибе дәрігерлерінің біліктіліктерін арттыруға және қайта даярлауға үлкен көңіл бөлінеді. Қалпына келтіретін емдеу және оңалту бөлімшелері, онкологиялық диспансерлер базасында паллиативтік емдеу бөлімдері ашылады. Онкологиялық науқастарға арналған әлеуметтік-психологиялық көмек беру саласы дамытылады. 

Соңғы жаңалықтар