Мәжілісте микроқаржы ұйымдарын дамыту жолдары талқыланды
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Мәжіліске 2008 жылы микроқаржы ұйымдары туралы заң жобасы ұсынылған болатын, дегенмен біз осы мәселені әлі де жан-жақты талқылап, сараптау үстіндеміз. Өйткені, әлемдік дағдарыс салдарынан, елде орын алған жағдайлардан кейін микрокредиттік ұйымдар қызметінің мазмұны да өзі біршама өзгеріске ұшырады. Сондықтан да, заң жобасын қабылдамас бұрын жобаны әзірлеушілер мен басқа да тараптарды мұқият тыңдап алуды жөн санадық. Дөңгелек үстелдің де басты мақсаты осы», деді жиынды ашып сөз сөйлеген Мәжілістің Қаржы және бюджет комитетінің төрайымы Гүлжан Қарақұсова.
Сонымен бірге, дөңгелек үстелде Индустрия және сауда министрінің орынбасары Қуандық Бешімбаев «Қазақстандағы микрокредиттік ұйымдарды дамыту мәселелері жөніндегі заңнаманы жетілдіру» тақырыбында баяндама жасады. Оның айтуынша, алғашқы кездері Қазақстандағы микрокредиттік ұйымдар әлемдік тәжірие негізінде кедейлік проблемаларын шешудің құралы ретінде пайдаланылған. Алайда, бұндай ұйымдар қолданылу ауқымының кеңеюіне, қамтитын бағытының әртараптануына байланысты аз қамтылған отбасыларды қолдау құралы ретінде де қарастырылатын болды. Оның үстіне микрокредиттік ұйымдар қаржылық-кредиттік қызметтерді де қоса атқарып, шағын кәсіпкерліктің де қолдаушысына айналып отыр.
«Осыған байланысты, микрокредиттеу тек әлеуметтік қана емес, саяси сипат алып келеді. Кәдімгі екінші деңгейлі банктерден айырмашылығы микрокредиттеу барысында қатаң формальды талаптар қажет етілмейді», деді Қ. Бешімбаев.
Сонымен бірге, вице-министр жиын барысында Үкімет тарапынан әзірленген «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне микроқаржылық ұйымдардың қызметі туралы өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасымен таныстырды.