Мемқызметшілерге берілген сыйлықтар аукцион арқылы сатылады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Биыл жалпы сомасы 2 миллион 800 мың теңгеден асатын 1 433 әртүрлі тауарлар арнайы қорға тапсырылды. Бұның барлығы - мемлекеттік қызметшілерге берілген сыйлықтар, деп xабарлайды ҚазАқпарат.
None
None

Мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау департаментінің басшысы Равиль Тюлебаевтың айтуынша, ол сыйлықтардың ішінде қылыштар, кәмпиттер, кітаптар, ұялы телефондар, қолсағаттар, үстелге қойылатын кәде-сыйлар, картиналар, жылқы, піл және тағы басқа жануарлардың мүсіндері бар.

«Арнайы қорға түскен барлық сыйлықтардың бағасы анықталады. Осыдан кейін аукцион арқылы сатылады. Оны кез келген адам сатып алса болады. Сауда-саттықтан түскен ақшаның бәрі бюджетке аударылады», - деді Р.Тюлебаев Астанада өткен баспасөз мәслиxатында.

Департамент басшысының сөзіне қарағанда, мемлекеттік органдарда жыл сайын арнайы профилактикалық шаралар жүргізіледі. Соның нәтижесінде арнайы қорға заңсыз сыйлықтар тапсырылады. Мәселен, өткен жылы Жаңа жылдың қарсаңында өткізілген алдын алу шаралары кезінде мемқызметшілер төрт күннің ішінде арнайы қорға 156 сыйлықты өткізді.

Айта кетейік, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі алдағы мейрамдар кезінде мемқызметшілерге сыйлық жасамауға кеңес беріп отыр.  Себебі оның арты үлкен айыппұлға, тіпті қылмыстық жазаға әкеліп соқтыруы мүмкін. Бүгінгі брифингте агенттік өкілдері бір мысал келтірді. Астанада мемлекеттік қызметшінің телефонына 3 мың теңге салған кәсіпкер келіншек 336 700 мың көлемінде айыппұл төлеуге міндеттелді. 

Соңғы жаңалықтар