Мемлекет басшысы: Бізде бір Отан, бір тағдыр және бір ел бар

АСТАНА. 1 мамыр. ҚазАқпарат - Бүгін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Астанада қазақстандықтарды Қазақстан халқының бірлігі күнімен құттықтады.
None
None

Бұл туралы ҚР Президентінің баспасөз қызметі хабарлады.

Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақ елі» монументі алаңы алдында қала жұртшылығымен кездесті және би ұжымдарының мыңнан астам артистері қатысқан мерекелік концертті тамашалады. Сондай-ақ, концерттік бағдарламаға танымал топтар мен орындаушылар қатысты.

Мемлекет басшысы 10 шатыр орналасқан қалашықты аралап көрді, оның әрқайсысында 2-3 этномәдени бірлестік орналасқан. Олар сәндік-қолданбалы өнер бұйымдарын, ұлттық киімдерін, музыкалық аспаптарын, тұрмыстық заттарын, қолөнер өндірісінің көне бұйымдарын ұсынады.

Мемлекет басшысы өз құттықтауында бүгін елімізде тамаша мейрам ­- Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесі атап өтіліп жатқанына тоқталды.

- Бірлік адамзат тарихында әрдайым бағаланды. Бірлік арқылы мемлекет пен халық зор биіктерге жетті, өмірді жақсартты, табысты дамыды. Қазақстан тәуелсіздік жылдарында бір отбасындай өмір сүрді. Соның арқасында біз биік белеске көтерілдік, табысты мемлекет құрдық, халықтың өмірін жақсарттық, оны күллі әлемге таныттық. Бізде бір Отан, бір тағдыр және бір ел. Біздің халқымыздың барлық ұмтылысы бірыңғай. Ол адамдардың өз болашағы мен өз балаларының болашағына сеніммен қарауы үшін мемлекетті қуатты, ал халықты бақытты жасайды, - деді Қазақстан Президенті.

Сөз соңында Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандықтарға бақыт, әр үйге амандық, өсіп-өркендеу тіледі.

Астанада барлығы 100-ден астам этнос өкілдері тұрады, 28 этномәдени бірлестік қызмет жасайды, ұлты әртүрлі 568 оқушы білім алатын 11 жексенбілік мектеп жұмыс істейді.

Соңғы жаңалықтар