Мемлекет басшысы қайта жаңғырған Қызылағаш ауылында болды

Мемлекет басшысы алдымен елді мекендегі күрделі жөндеуден өткен Ілияс Жансүгіров атындағы орта мектепті көрді. Елбасы бастаған топ ғимарат ішіне кіріп бастауыш сыныптардың тиісті құралдармен жабдықталуымен танысты. Мультимедия және математика кабинеттерін аралап көрді.
Мектеп ауласында үш блоктан тұратын оқу корпусы, қосымша бір қабатты оқу корпусы, қайта жөндеуден өткен қазандық бар. Мектептегі барлық кабинеттер оқу құрал-жабдықтарымен толықтай жабдықталған. Мәселен, бұған дейін технология сабағы үшін арнайы сынып жоқ болса, қазір жас шеберлер үшін арнайы кабинет жасақталған. Күрделі жөндеуден спорт залы мен акт залы да өткізіліп, спорттық құралдар мен саз аспаптары алынған. Мектеп аумағы абаттандырылып, баскетбол, волейбол футбол алаңдары жасалған.
Бұдан кейін Н. Назарбаев қайта қалпына келтірілген мешітті көрді. Жаңа салынған үйлерге қоныстанған Айдар және Алтын Байзуллиндер, Владимир, Людмила Заяцевтердің отбасында болып, әрқайсысына 1 компьютер, 1 теледидардан сыйлады. Сондай-ақ мәдениет үйіне 1 пианино, мектеп пен балабақшаға бір-бір Газель көлігін сыйлады.
Мұнан соң Елбасы жаңа салынған мәдениет үйіне келді. Ғимаратта орналасқан кітапханаға кіріп, кітап қорымен танысты. Көрермендер залында болды. Қызылағаштағы мәдениет үйінде 3D форматтағы фильм көруге арналған арнайы аппаратура орнатылған. Мұндай құрылғы әзірге Алматы облысының бірде бір ауылында жоқ. Мәдениет үйі ғимаратында 300 орынға лайықталған көрермен залы, би залы, үйірмелерге арналған бөлмелер бар. 20740 кітап қоры бар ауылдық кітапхана да осында орналасқан. Мұнда интернет арқылы әлем кітапханаларынан қажетті әдебиетті іздейтін Рабис жүйесі іске қосылған. Мұндай жүйе ауыл кітапханалары арасында алғаш рет орнатылып отыр.
Мемлекет басшысы Қызылағаш ауылына сапарының соңында тасқын судан қаза тапқандарға қойылған ескерткіш монументке барып, тағзым етті, жұртшылықпен кездесті. Ескерткіш маңына жиналған мыңнан астам тұрғынды жаңа қоныстарымен құттықтады.
Ескерткіштің авторы - Қазақстан Сәулетшілер одағының мүшесі Қаби Баулықов. Ескерткішке ананың тасқыннан қайда қашарын білмей аласұрған сәті бейнеленген. Бетон мен граниттен жасалған ескерткіштің биіктігі - 7, ені -14 метр .