Мемлекет басшысы Қазақстан өз аумағында Халықаралық төменбайытылған уран банкін орналастыруға дайын екендігін қуаттады
Бұл туралы Елбасы Киевте өтіп жатқан Ядролық энергияны қауіпсіз және инновациялық мақсатта пайдалану жөніндегі саммитте сөйлеген сөзінде мәлім етті.
«Қазақстан өзінің дербес атом энергетикасын дамытуға қабілетті. Біздің еліміз әлемде уран кенін өндіруден алғашқы орында. Бізде реакторларды пайдалануға беруде, тәжірибелік ядролық физика саласындағы жұмыстарда практикалық және ғылыми-зерттеуде тәжірибеміз бар», - деді Н.Назарбаев.
Ол Саммитке қатысушыларға Қазақстанда уран өндіруден бастап, ядролық отын дайындауға дейінгі жұмыстарды атқара алатын вертикальды-ықпалдастық компаниясын ашу жоспарланып отырғанын хабарлады. Сонымен қатар, атом энергиясын пайдалану кезіндегі қауіпсіздік пен радиоактивті материалдарды заңсыз айналымға түсіруге қарсы тиімді мемлекеттік жүйе құрылуда.
Президенттің атап өткеніндей, біздің еліміздегі барлық ядролық нысандар МАГАТЭ-нің толықтай кепілдігінде тұр. Атом электр нысандарын геологиялық-геофизикалық қауіпсіздікпен қамтамасыз етуде көп тәжірибе жинақталды.
«Қазақстан МАГАТЭ қамқорлығы аясында Халықаралық төменбайытылған уран банкін құру туралы идея негізінде таратпау режимін нығайтуға үлес қосуды кеңейте түсуге дайын», - деді Елбасы.