Мемлекет басшысы қоғам қайраткерлеріне Қазақстан халқы Ассамблеясының алтын медалін тапсырды
Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Қазақстан Президенті өз сөзінде Ассамблея кәмелет жасына жетіп, ұлтымыздың аса маңызды жалпыазаматтық институтына айналғанын атап өтті.
- Қазақстан этностық жанжалдардан азат аумақ болып саналады. Экономикалық және әлеуметтік-саяси реформалар этносаралық тағаттылық пен үйлесімнің арқасында табысты жүргізілді. Бейбітшілік пен тыныштық әр үйдің баға жетпес байлығына айналды. Біздер мен сіздер атқарған жұмыстың басты нәтижесі, міне, осы, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы әлем өзгеріп жатқанын, онда көптеген оқшаулағыш сызықтар: өңірлік және конфессиялық, әлеуметтік және мәдени, тілдік және этностық сызықтар пайда болғанын айтты.
- Жаңа жағдайларда, біз 2050 жылға дейінгі Стратегияға аяқ басқан кезде қоғамның көпқырлылығын өзіміздің пайдамызға жарата білуге тиіспіз. Ассамблея нағыз жалпыазаматтық, саясатүстілік және жалпыхалықтық институт болуы тиіс. Мен мынаны атап көрсетемін: Ассамблеяның XXI ғасырдағы миссиясы тарылып емес, кеңейіп келеді, - деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев ұлттық бірлікті нығайту жөнінде бірқатар міндеттерді атап көрсетті. Ол қазақ халқы Қазақстандағы барлық этностық, әлеуметтік топтар үшін ұлттық мемлекеттік қауымдастықтың қуатты тарихи діңі болып табылатынына тоқталды.
- Қазіргі заманғы қазақтар ата-баба дәстүрлерін ұстана отырып, бірліктің, толеранттылық пен патриотизмнің, мемлекет пен қоғамға қалтқысыз қызмет етудің үлгісін көрсетуі тиіс, - деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар, өзінің өткеніне, қазіргісіне және болашағына патриоттық қарым-қатынас қалыптастыруға жұмыс істеуі тиіс жалпыұлттық тарихи сананы дамыту қажет.
Қазақстан Президенті толеранттылықты қалыптастыратын өзіне тән әлеуметтік-мәдени ережелерін, салттары мен дәстүрлерін жалпыадамзаттық мақсаттағы материалдық емес мәдени мұралардың белгі-нышаны ретінде қарастыратын қазақ қоғамның ішкі бірлігін нығайтқан жөн екенін атап өтті.
Ұлтты біріктіруші басты фактор қазақ тілі - мемлекеттік тіл болып саналады.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы ментальділік моделін, елдің болашақ бейнесін «Қазақстан-2050» жаңа саяси бағытының негізінде қалыптастыру қажеттігін атап өтті.
- Бұл бейне шынайы, тартымды және рухтандырушы сипатта болуға тиіс. Жаһандық сын-қатерлер жағдайында біз өзіміздің мәдени кодымызды - тілді, салт-дәстүрді, құндылықтарды сақтай отырып қана оған балама бола алатын жауап қайтара аламыз. Ұлт бірлігін нығайтуда интеллигенция қызметі айрықша маңызға ие. Тек интеллигенция ғана қоғамды топтастырудың рухани үдерісіне басшылық жасай алады, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Бұдан бөлек, бірліктің негізі әлеуметтік-экономикалық ахуалдың жақсаруы болып саналады. Елде индустрияландыру бағдарламасы жүзеге асырылуда, әлеуметтік жаңғырту жүргізіліп жатыр. Бұл - Қазақстан халқының бірлігінің ең берік, материалдық негізі. Бүгінде баршаға мәлім шындық мынау: бейбітшілік пен келісім саясаты тікелей экономикалық тиімділікке ие. Ішкі тұрақтылық инвесторлардың сенімінің бекуіне, экономикалық ынтымақтастықты дамытуға септігін тигізеді.
Қазақстан Президенті мемлекеттің, қоғам мен діннің өзара ықпалдастығының тиімді моделін табу қажеттігіне назар аударды. Ол біздің еліміздің тарихи таңдауы зайырлы мемлекет пен қоғам болып саналатынын атап өтті. Қазақстан дәстүрлі діндерді қолдайды, бірақ кез-келген экстремизмді үзілді-кесілді теріске шығарады.
Толеранттылық - өзіміз нығайтып, сақтайтын және бүкіл ұрпақты тәрбиелейтін біздің қоғамымыздың парасаттылық нормасы, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы екі онжылдық ішінде Қазақстанның жолы ұлттық табыстың өнегелі үлгісіне айналғанына тоқталды.
- Бұл - бүкіл қазақстандықтардың еңбексүйгіштігі мен топтасуының нәтижесі! Бұл - ұлттың нағыз пассионарлық бұлқынысы! Бұл - тек күшті халықтарға ғана тән ұлы қабілет. Біз осындай халыққа айналдық және осы биіктікте қалуға тиіспіз! Қазақстан - біртұтас жер, біртұтас халық, біртұтас болашақ. Біздің мерейтойлық сессиямыз - бүкіл қазақстандықтардың игілігі жолындағы жаңа жұмыстар үшін жақсы бастау. Алдымызда үлкен жоспарлар тұр. Оларды жүзеге асыру жаһандық өзгерістердің күрделі жағдайында жүретін болады. Оған бүгіннен бастап дайын болып, халық бірлігін барлық күш-жігермен нығайту қажет. Өйткені, біз бір халықпыз - бір елміз - бір тағдырмыз! - деді Қазақстан Президенті.
Сондай-ақ, іс-шара барысында Ассамблея Төрағасын этномәдени орталықтардың атынан өкілдік ететін екі орынбасары тағайындалды.
Бұдан бөлек, сессияда Мемлекет басшысы Қазақстан халқы ассамблеясының «Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдық «Бірлік» алтын медалін» республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің президенті С.Абдрахмановқа, болгар этно-мәдени бірлестігінің төрағасы О.Дымовқа, Талғар қаласындағы қайырымдылық «Нұр» отбасылық балалар үйінің директоры Т.Есқожинға, Павлодар облысының украин этномәдени бірлестігінің төрағасы М.Парипсаға, «Әзербайжандар қауымдастығы» республикалық қоғамдық бірлестігінің жетекшісі А.Хамедовқа, ҚХА Ақмола аймақтық балалар мен жастар ұйымдары қауымдастығының төрағасы Д.Галлямовқа тапсырды.
Сонымен қатар, сессияда Қазақстан халқы ассамблясының XX сессиясына қатысушылардың Үндеуі жарияланды.
Сөз соңында Нұрсұлтан Назарбаев барша қазақстандықтарды алда келе жатқан Қазақстан халқының бірлігі күнімен құттықтады.