Мемлекет басшысы ҚР Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің алдына дифференциалды тарифтерді қолдануды дамыту, соның ішінде оны суды тұтынуда да енгізу туралы нақты тапсырма берді
Н.Алдабергенов Президентті электрстанциялары мен өңірлік электржелілік компанияларға олардың өндірісті жаңғырту туралы инвестициялық міндеттемелерін орындаулары бойынша жүргізілген тексерістің қорытындылары туралы хабардар етті. «AES» компаниясына қарасты Шульбинск және Өскемен ГЭС міндеттемелері орындалмағаны, сондай-ақ құны 1,5 миллиард теңгені құрайтын бірқатар өзге электрстанциялардың инвестициялық міндеттемелері орындалмағаны анықталды.
Әңгімелесу барысында сондай-ақ энергиямен қамту мәселесі талқыланды. Агенттік тарапынан электр энергиясына арналған дифференциалды тарифтер енгізілген. Бұл заңды тұлғалардың энергияны тұтыну көлеміне тікелей байланысты болмақ. Қазіргі уақытта тарифтердің екі деңгейлі жүйесі жұмыс істеуде, таяу екі-үш жылда үш деңгейлі жүйені енгізу жоспарланып отыр.
- Президент дифференциалды тарифтерді қолдануды дамыту, соның ішінде тұрғындардың суды тұтынудағы үнемшілдігін ынталандыру үшін оны сумен қамтуға енгізу туралы нақты тапсырма берді, - деді Н.Алдабергенов.