Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Бүкілқытайлық халық өкілдері құрылтайы Тұрақты комитетінің төрағасы У Бангоны қабылдады

«Сіздің Қазақстанға келіп, Парламент спикерлерімен кездесіп, келіссөздер жүргізуіңіз Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынастарының қаншалықты жоғары екендігін көрсетеді»,-деді Елбасы кездесу барысында.
Сондай-ақ Президент биыл еліміздің Тәуелсіздіктің 20 жылдығын атап өткелі отырғандығын атап өтіп: «Осы жылдарда біз екіжақты саяси, экономикалық ынтымақтастықты өте жоғары деңгейге көтердік. Сондай-ақ екі елдің арасындағы шекара мәселесі шешімін тапты. Сіз екі елдің сауда-экономикалық байланыстарының жоғары деңгейде екендігінен хабардарсыз. Қытай компаниялары бүгінде еліміздің мұнай, газ кешенінде белсенді жұмыс істеуде. Біз Қытай бағытында теңдесі жоқ мұнай және газ желісін салдық. Нәтижесінде біз сіздердің елдеріңізден дағдарыс жылдарында мықты қолдау көрдік. Осы игіліктің барлығы еліміздің Парламент өкілдері тарапынан қолдауды қажет етеді. Сондықтан сіздің сапарыңыз біз үшін өте маңызды»,-деді.
Өз кезегінде Қытай өкілі өзіне білдірілген жылы лебіздер үшін алғыс айтып, Қазақстанға шақыртулары үшін Парламент палаталарының спикерлеріне ризашылығын білдірді. «Мен сізбен бүгін тағы кездесіп отырғаныма шексіз қуаныштымын. Мен сонымен қатар сіздің досыңыз, Ху Цзиньтао мырзаның сәлемін жолдаймын»,-деді У Банго.