Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Шығыс Қазақстан облысындағы көктемгі су тасқынының салдарын жою мәселесі талқыланған жұмыс кеңесін өткізді

АСТАНА. Сәуірдің 2-сі. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Шығыс Қазақстан облысындағы көктемгі су тасқынының салдарын жою мәселесі талқыланған жұмыс кеңесін өткізді, деп хабарлады ҚР Президентінің баспасөз қызметі.
None
None

Кеңеске Премьер-Министр К.Мәсімов, Президент Әкімшілігінің Басшысы А.Мусин, Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Ө.Шөкеев, Бас прокурор Қ.Мәми, сондай-ақ Үкімет мүшелері қатысты.

Кеңесті аша отырып, Мемлекет басшысы биылғы қыс жылдағыға қарағанда қатал болғанын, еліміздің солтүстік және шығыс өңірлерінде аяз 30-40 градусқа дейін төмендегенін атап өтті. Аязбен қоса, қар қалың түсті.

Президент осы жағдайда Үкімет және еліміз өңірлерінің басшылары Қазақстанның елді мекендерін жылумен, энергия және сумен қамтуда ешқандай ағаттық жібермегеніне тоқталды. Шығыс Қазақстан облысы әкімінің қызметі ерекше атап өтілді, Павлодар және Алматы облысы әкімдерінің жұмыстарына оң баға берілді.

- Биылғы қыс үкіметтік құрылымдар мен барлық өңірдің әкімдігінің орнықты және табанды жұмысын көрсетті, - деп атап өтті Н.Назарбаев.

Биылғы жылы көктем ауа райының бірден жылынуымен және қардың тез арада еріп кетуімен қабат келіп отыр. Бұл су қоймалары мен бөгеттердің толып кетуіне әкеліп соғуда. Өкінішке орай, төтенше жағдайсыз болған жоқ. Алматы облысының Ақсу ауданында адам өліміне алып келген су қоймасында апат орын алды.

Алайда, осы ауыр күндері еліміз өзінің ұйымшылдығын көрсетті. Барлық облыс, еңбек ұжымдары, қарапайым азаматтар мен мемлекеттік қызметшілер қаражаттарын аударды, зардап шеккендерге азық-түлікпен жәрдем берді, қажетті көмектер көрсетті.

Президент осындай жағдайда Төтенше жағдайлар министрлігі жақсы жұмыс істегенін атап өтті. Үкіметтік комиссия құрылды. «Нұр Отан» партиясы, оның өңірлік құрылымдары белсенділік танытты.

- Қазір Қызылағашта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Баспанасыз қалғандар биылғы жазда қалпына келтірілген үйлеріне қайта оралатын болады. Біз азаматтарымызды қамқорлықсыз қалдырмаймыз, - деп атап көрсетті Президент.

Бір өкініштісі, төтенше жағдай Шығыс Қазақстан облысында да орын алып, көктемгі су тасқынының салдарынан тіпті елді мекендер бұрын-соңды болып көрмеген табиғат апатымен бетпе-бет келіп, су астында қалды. Мұндай апаттың қайтып соғуын болдырмау мақсатында және жағдайды анықтау үшін өңірге үкіметтік комиссия жіберілді.

- Мен облыстағы ірі компанияның бәрі де өз жерлестеріне барынша көмек береді деп сенемін. Зарлап шеккен өңірге көршілес жатқан Павлодар және Қарағанды облыстары, сондай-ақ өзге облыстар көмек көрсетеді. Адамдар күллі еліміз болып өз азаматтарымызды қиын жағдайларда көмексіз қалдырмайтынын білулері тиіс, - деді Н.Назарбаев.

Еліміздің Шығыс Қазақстан облысындағы жағдаймен танысып қайтқан үкіметтік комиссияның жетекшісі Ө. Шөкеев осы өңірдегі жағдай туралы ақпаратты мәлім етті. Ол қазіргі уақытта өңірде Абай, Зайсан, Күршім және Тарбағатай аудандары су астында қалғанын мәлімдеді.

- Бәрінен бұрын, ТЖМ мен облыстың және ауданның әкімдіктерінің басшыларының жедел және дер кезіндегі іс-әрекеттерінің арқасында, адам өліміне жол берілмеді. Адамдардың барлығы да қауіпсіз жерге орналастырылды, - деп атап өтті Ө.Шөкеев.

Ол елді мекендерге сапары барысында, су тасқынына тап болған тұрғындармен кездесулер кезінде, оларға Үкімет және жергілікті билік органдары барынша көмек көрсететіні туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілгенін атап өтті.

Президент осыған байланысты ең алдымен баспанасыз қалған адамдарға көмек көрсетілетінін ашық және нақты айту керектігіне тоқталды. Ал қажетті материалдық көмектер тек тұрғын үйді қалпына келтіру кезінде ғана көрсетіледі.

- Ешкім де бұл жағдайды асыра пайдалануға тиіс емес, - деп атап өтті Мемлекет басшысы.

Президент азаматтар табиғат апатына және техногендік апаттарға байланысты кездейсоқ пайда болатын жағдайларға дайын болулары керектігін айтты. Өз баспанаңды, мүлкіңді, малыңды сақтандыру маңызды. Мемлекет тұрғын үйді қалпына келтіруге қолұшын береді, мал, мүлік сатып алуға жеңілдікпен несиелер береді. Жұмысқа қабілетті отбасы мүшелері қалпына келтіру жұмыстарына тартылып, өз отбасыларын өздері қамтамасыз ететіндей болулары тиіс. Зардап шеккендерге міндетті түрде медициналық көмек көрсетіледі, ал балалар жақын маңдағы мектептерге орналастырылады.

Кеңесте сөз алған Шығыс Қазақстан облысының әкімі Б.Сапарбаев Президентке дер кезінде көмек көрсеткені үшін өңір тұрғындарының ризашылығын жеткізді. Президенттің тапсырмасы бойынша Үкімет тарапынан су тасқынының алдын алу жұмыстарына 800 миллион теңге бөлінді. Бұл қаражат бөгеттерді бекемдеу жұмыстарына жұмсалды. Жергілікті тұрғындарға Төтенше жағдайлар министрлігінің құтқарушылары көп көмек тигізді, Көлік және коммуникация министрлігінің, Қорғаныс министрлігінің, Ішкі істер министрлігінің, сондай-ақ Шекара қызметінің арнайы техникалары пайдаланылды. Жарамсыз қалған мектептердің 800 оқушысы жақын маңдағы мектептерге орналастырылды. Тұрғындарды азық-түлікпен, бірінші кезектегі тауарлармен қамтамасыз етуде қажетті көмектер көрсетілуде. Қажет деп тапқандар медициналық қызметті пайдалануда.

Б.Сапарбаев су тасқынының болу қаупі әлі сейілмегенін, алайда қазір мүмкін боларлық экономикалық шығынды азайту, мал шығынының алдын алу, көлік инфрақұрылымының бұзылуына жол бермеу үшін шаралар қабылданып жатқанына тоқталып өтті.

Төтенше жағдайлар министрі В.Божко қазіргі уақытта Шығыс Қазақстан облысындағы қалпына келтіру жұмыстарына 9 құтқарушы жасақ, азаматтық қорғаныстың екі полкі, авиациялық топтар, сондай-ақ Шығыс Қазақстан облысы бойынша ТЖ департаментінің жеке құрамы атсалысып жатқанын мәлімдеді. Облыста су тасқыны әлі де болуы қаупі бар болғандықтан, ТЖМ тобын 544 адамға күшейту туралы шешім қабылданды. Бұдан басқа, Президенттің тапсырмасы бойынша облысқа жалпы құны 360 миллион теңгені құрайтын күнделікті тұрмысқа қажетті заттар мен азық-түлік жеткізілуде.

Бас прокурор Қ.Мәми еліміздегі барлық су қоймаларын пайдалану барысына тексеріс туралы мәлімдеді. Оларды пайдалану, ұстау, алдын алу және жөндеу жүргізудегі ережелер бұзылған жағдайда тиісті лауазымдық тұлғалар қылмыстық жауапкершілікке дейін тартылады.

Кеңес барысында сондай-ақ көктемгі егіс жұмыстарына дайындық барысы туралы Ауыл шаруашылығы министрі А.Күрішбаев баяндады.

Кеңесті қорытындылай келе, Президент табиғат апатынан зардап шеккен адамдарға бірінші кезекте көмек көрсету, балаларды жұмыс істеп тұрған мектептерге орналастыру мәселесінің маңыздылығына тағы да баса назар аударды. Биылғы жылғы сәуірдің 15-іне дейінгі мерзімде барлық зардап шеккендердің тізімін анықтап, қажетті қаржылық көмек бөліп, жаздың аяғына дейін аяқтау үшін қалпына келтіру жұмыстарының көлемін айқындап, істі тездетіп бастау керек.

Гидротехникалық ғимараттарды жөндеу, көпірлерді, автокөлік инфрақұрылымын қалпына келтіру міндеті жүктелді. Мүмкіндігінше тұрғын үйлерді және инженерлік инфрақұрылымдарды қалпына келтіру жұмыстарына еліміздің барлық өңірлерін, ұлттық компанияларын және холдингілерін тарту қажет. Эпидемиологиялық жағдайды бақылауда ұстау маңызды. Мал өлімі қауіпті инфекциялардың таралып кетуіне әкеліп соқпауы тиіс. Сондай-ақ ауыл адамдарының мал сатып алулары үшін жеңілдікпен несиелер беруді ұйымдастыру қажет.

Мемлекет басшысы еліміздің барлық өңірінің әкімдері, мемлекеттік органдардың басшылары су тасқынының алдын алу мәселесін жіті қадағалап, барлық су қоймаларының, плотиналардың, бөгеттердің, өзге де гидроғимараттардың жағдайын жан-жақты тексерулері қажеттігін атап өтті. Күні-түні кезекшілік ұйымдастырып, барлық мәселені бақылауда ұстау қажет. Су тасқынының салдарын жою жөніндегі жұмыстарды үйлестіру Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Ө.Шөкеевке жүктелді.

- Сөз соңында, біздің бәріміз күрделі жағдайдан сабақ алып, оны жоюға дайын болуға, қажетті материалдық резервті дер кезінде жасақтай алуға тиіспіз дегім келеді. Бізге сондай-ақ аумаққа қатысты қауіпті техногендік жағдайға тексеріс жүргізуді бастау қажет. Біз еліміз халқының мүддесі үшін қырағы болуымыз қажет, - деп атап көрсетті Президент.

Соңғы жаңалықтар